«Самұрык-Энерго» АҚ-ның 200 млрд теңгені тиімсіз жұмсағаны хабарланды

Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасының хабарлауына қарағанда, соңғы 10 жылда «Самұрық-Энерго» АҚ тобы небәрі 4 жаңа жобаны іске асырған, ал құрылымның тиімсіз шығыны 199 млрд теңгеге жеткен.
Электр энергетикасы саласында жүргізілген аудит аяқталды. Жиында «Самұрық-Энерго» АҚ-ның тиімсіз шығындары аталды. 2024 жылы бекітілген Даму стратегиясы бойынша алдағы 10 жылға жоспарланған 25 жобаның іске асырылып-асырылмағанына күмән туды. Тоқтатылған жобаларға байланысты «Самұрық-Энерго» АҚ-ның тиімсіз шығындары 199 млрд теңге болған.
Ең ірілері: Балқаш ЖЭС құрылысы – 102 млрд теңге, Екібастұз ГРЭС-2-нің №3 энергоблогы – 61,2 млрд теңге. Жалпы аудит нәтижесі бойынша: анықталған қаржылық заң бұзушылықтар 66 млн теңге; бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау 9,5 млрд теңге; қаражат пен активтерді тиімсіз пайдалану 104,7 млрд теңге. Барлығы 72 рәсімдік және 35 жүйелі бұзушылық тіркелді, — деп хабарлады өкілдік.