Алматыдағы жасанды интеллект қолданылатын зертхана жылына 5 млн зерттеу жүргізе алады
Алматыда жасанды интеллект элементтері енгізілген жоғары технологиялық зертхана жұмыс істейді. И. Жекенова атындағы инфекциялық аурулар ауруханасының базасында орналасқан кешен тәулігіне 15 мыңға дейін биологиялық сынаманы өңдеп, жылына 5 миллионға дейін зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов денсаулық сақтау басқармаларының басшыларымен бірге зертхананың жұмысымен танысып, заманауи диагностикалық технологиялардың қолданылуын қарастырды.
Жалпы аумағы 2 480 шаршы метрді құрайтын зертхана медициналық зерттеулерді автоматтандыруға, диагностика уақытын қысқартуға және зерттеу нәтижелерінің сапасын арттыруға бағытталған.

Кешеннің негізгі технологиялық ерекшелігі – жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған автоматтандырылған трек-жүйе.
Бұл жүйе биологиялық материалдарды қабылдау, сұрыптау, зерттеу және дайын нәтижелерді жолдау кезеңдерін біртұтас автоматтандырылған үдеріске біріктіреді.
Автоматтандыру қолмен орындалатын жұмыстардың санын азайтып, адам факторынан туындайтын қателіктер қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар зерттеу жүргізу жылдамдығын арттырып, биологиялық қауіпсіздік талаптарының сақталуын күшейтеді.
Зертхананың қызметі бес негізгі бағытты қамтиды. Олар – автоматтандырылған зертханалық зерттеулер, иммуноферменттік талдау (ИФТ), полимеразды тізбекті реакция (ПТР), микробиологиялық және паразитологиялық зерттеулер.
Бұл бағыттар инфекциялық ауруларды диагностикалауға, биологиялық сынамаларды кешенді зерттеуге және медициналық ұйымдарды қажетті зертханалық нәтижелермен қамтамасыз етуге арналған.

Кездесу барысында вице-министр мен денсаулық сақтау саласының өкілдеріне қаланың медициналық ұйымдарымен деректер алмасуға мүмкіндік беретін цифрлық жүйе де таныстырылды.
Сонымен қатар биоматериалдарды орталықтандырылған тасымалдау тәртібі және зертханалық зерттеулердің сапасын бақылау тетіктері көрсетілді.
Мұндай технологиялар зертханалық қызметті орталықтандыруға, қолда бар ресурстарды тиімді пайдалануға және медициналық зерттеулерді ұйымдастыру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Жаңа буын зертханасының жұмысы Алматы қаласының эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, диагностикалық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және пациенттердің зерттеу нәтижелерін алу мерзімін қысқартуға бағытталған.
Алматыда қолданылып жатқан бұл тәжірибе Қазақстанның басқа өңірлерінде зертханалық қызметті жаңғыртуға арналған перспективалы үлгі ретінде қарастырылып отыр.