Жолдау-2026: жасанды интеллект дәуіріндегі мемлекет – сөзден нәтижеге
Әр Жолдау – елдің өткен жолына берілген баға әрі алдағы бағытқа жасалған бағдар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдау Цифрландыру және жасанды интеллект жылының соңына тұспа-тұс келді. Сондықтан бұл құжаттағы цифрлық бағыттағы тұжырымдар бір жылдың қорытындысы ғана емес, технологиялық дамудың жаңа кезеңіне бастайтын стратегиялық межелер ретінде қабылдануы керек.
Жолдаудағы ең салмақты тұжырымдардың бірі – Қазақстанның цифрлық экономика құруға міндетті екені. Президент «міндетті» сөзіне ерекше екпін берді. Бұл – бүгінгі жаһандық бәсекеде технологиялық тұрғыдан артта қалудың бағасы тым қымбат екенін терең түсінудің көрінісі.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бүгінгі ахуалды ашық әрі батыл бағалады: әзірге сөз істен көп, нақты цифрландырудың орнын кейде бар процестерді автоматтандыру немесе түрлі іс-шаралар басып кетеді. Президенттің айтуынша, цифрландыру практикалық пайдасын түсінбей қымбат бағдарламалық өнімдерді сатып алумен шектелмеуі тиіс.
Бұл сын – цифрлық трансформацияның мәнін дәл ашатын тұжырым. Ескі процесті сол күйінде электронды форматқа көшіру цифрландыру емес, тек оның сыртқы бейнесі ғана. Шынайы трансформация процестің өзін қайта ойластырудан, артық рәсімдерден бас тартудан және азаматқа нақты нәтиже беруден басталады.
Жолдауда айтылғандай, елімізде екі суперкомпьютер іске қосылды, үшіншісі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық магистраль тартылып, деректерді өңдеу орталықтары салынуда. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл – жаңа технологиялық құрылымға апаратын ұзақ жолдың басы ғана.
Инфрақұрылым – цифрлық дамудың қажетті, бірақ жеткіліксіз шарты. Ең қуатты есептеу жүйесінің өзі сапалы деректер мен оны тиімді пайдалана алатын мамандар болмаса, күткен нәтижені бермейді. Сондықтан технологияға салынған инвестиция адам капиталына салынған инвестициямен қатар жүруі керек.
Мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы ретінде мен үшін Жолдаудың ең маңызды бөлігі – мемлекеттік аппаратқа қатысты тапсырмалар. Президент мемлекеттік аппараттағы қайталанатын функциялар мен басқару жүйесіндегі қайшылықтарды жасанды интеллект көмегімен жою қажеттігін айтты. Аппарат қағазбастылықтан толық арылуы тиіс. Президент Әкімшілігі 2027 жылғы 1 маусымға дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалау жөнінде кешенді жоспар ұсынуы керек. Түпкі мақсат – мемлекеттік басқару жүйесін цифрлық технология мен жасанды интеллектке негізделген жаңа экономикаға бейімдеу.
Бұл тапсырмалардың мәні терең. Жасанды интеллект мұнда жай ғана көмекші құрал емес, басқару сапасын түбегейлі өзгертетін тетік ретінде қарастырылып отыр. Алайда ЖИ-ді мемлекеттік басқаруға енгізу жауапкершілікті де арттырады. Алгоритм ұсынған шешімнің әділдігі, деректің сапасы мен қауіпсіздігі, азамат құқығының қорғалуы – бұл мәселелер технологиялық емес, басқарушылық әрі этикалық сипатқа ие. Мемлекет қабылдаған шешімді азамат түсінуі тиіс, ал алгоритм ұсынған шешімді мемлекеттік қызметші түсіндіре алуы тиіс.
Жолдауда цифрлық экономиканың азаматқа тікелей пайдасы да айқын көрсетілді. Үкімет экономикада жасанды интеллект, блокчейн, активтерді токенизациялау және цифрлық платформаларды қолдану бағдарламасын әзірлейді. Президент смартфон уақыт өлтіретін қымбат ойыншық емес, тиімді жұмыс құралына айналуы керек екенін айтты. Осы мақсатта жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимі қалыптастырылады, ал келесі жылы бірнеше өңірде ауыл өндірушілеріне өнім өткізуге көмектесетін пилоттық жобалар басталады. Ірі қалаларда инженерлік және көлік инфрақұрылымының цифрлық сыңары жасалады.
Бұл – цифрландырудың сапалық жаңа кезеңге өтуінің белгісі. Алғашқы кезеңде мемлекет азаматқа қызметті онлайн ұсынуды үйренді. Енді цифрлық құралдар азаматтың өзіне табыс табуға, кәсібін дамытуға, тұрғылықты жеріне қарамастан нарыққа шығуға мүмкіндік беруі тиіс.
Жолдауды саралай келе, цифрландыруды бағалаудың өлшемі өзгергеніне көз жеткіздім. Енді «Қанша жүйе енгіздік?» деген сұрақтан гөрі «Азаматтың өмірі қаншалықты жеңілдеді, мемлекеттің шешімі қаншалықты дәл болды?» деген сұрақ маңыздырақ. Мұндай нәтижеге жету үшін, ең алдымен, жаңа буын мемлекеттік басқарушылар қажет.
Академияның Цифрландыру және инновациялар институты дәл осы міндетке жұмыс істеп келеді. Институтта «Цифрлық мемлекеттік басқару» және «Мемлекеттік сектордағы цифрлық талдау мен жасанды интеллект» оқу бағдарламалары бағытында магистранттар мен докторанттар даярланады. Олардың басым бөлігі – тәжірибелі мемлекеттік қызметшілер, сондықтан жасанды интеллектіні теория ретінде емес, өз мекемесінің нақты мәселесін шешетін құрал ретінде меңгереді.
Жасанды интеллект – сиқырлы таяқша емес. Ол деректі түсінетін, тәуекелді көре білетін және шешімнің салдарын өлшей алатын маманның қолында ғана нәтиже береді. Сондықтан мемлекеттік қызметшінің цифрлық құзыреті бүгін қосымша дағды емес, кәсіби міндетке айналып отыр. Деректермен жұмыс істей алатын, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолданатын және нәтижеге бағытталған мамандарды даярлау – Жолдауда қойылған міндеттерді жүзеге асыруға қосатын біздің үлесіміз.
Цифрлық дәуір – мүмкіндіктер дәуірі. Бірақ ол мүмкіндіктер өзінен-өзі нәтижеге айналмайды. Оны нәтижеге айналдыратын – білімді, жауапты және өзгеріске дайын адам. Жолдаудың басты түйіні де, менің ойымша, осында.
Шынар Турмаганбетова,
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Цифрландыру және инновациялар институтының доценті, PhD