Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Құрылтай отырысы басталды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялау барысында әлемдегі геосаяси тұрақсыздықтың күшеюі, мемлекеттер арасындағы сенім дағдарысы және халықаралық құқықтың қазіргі жағдайы туралы айтты.

Президенттің сөзінше, Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін қорғауға қатысты бірқатар маңызды мәселе әлі де толық шешілген жоқ. Сондықтан алдағы міндеттерді орындау үшін қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау қажет.

– Ашығын айтсақ, бүгінде тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толықтай шешімін тапқан жоқ. Бұл – алдымызда көптеген өзекті міндет тұр деген сөз. Жұмысты ойдағыдай орындау үшін, ең алдымен, бүкіл қоғамымыз тату болуы керек. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазіргі халықаралық ахуалдың күрделене түскенін атап өтті. Оның айтуынша, әлем елдері арасындағы қайшылықтар мен астыртын текетірестер күшейіп, ықпалды мемлекеттердің арасында өзара сенім дағдарысы қалыптасқан.

Президент бақылаусыз көші-қон мәселесіне де тоқталды. Ол жүйесіз көші-қон ағындарының көбеюі бірқатар Еуропа мемлекеттерінің қауіпсіздігіне кері әсер еткенін айтты.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық беделі мен халықаралық құқықтың қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді.

– Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделі үлкен тоқырауға ұшырады. Халықаралық құқықтың құндылығы төмендеп кетті. Қысқасы, қазіргі әлем бұлыңғыр дәуірге аяқ басты, оның келешегі қандай болатыны туралы саясаткерлер мен сарапшылар арасында біртұтас пікір жоқ, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, қазіргі геосаяси жағдай күрделілігімен және болашаққа қатысты белгісіздіктің жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Ол мұндай ахуалдың «қырғи-қабақ соғыс» кезеңінде де болмағанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық сын-қатерлер күшейген жағдайда Қазақстан қоғамында тәртіпке, жауапкершілікке және өзара түсіністікке басымдық беру маңызды екенін жеткізді.

Президент елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мен мемлекеттік реформаларды жүзеге асыру үшін қоғамдық тұрақтылықты сақтау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бірлік пен келісім Қазақстанның алдағы даму міндеттерін орындауда шешуші рөл атқарады.