Қазақстанда 2027 жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісін іске қосу жоспарланып отыр. Жаңа бағыт Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігін 20 миллион тоннаға арттыруға тиіс. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

Мемлекет басшысы көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту және халықаралық жүк тасымалын ұйымдастыру Қазақстан экономикасының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, қазіргі уақытта Қытайдан Еуропаға бағытталған жүк тасымалының шамамен 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Алайда еліміз қолда бар транзиттік мүмкіндіктермен шектелмей, халықаралық жүк ағындарын ұйымдастыруда белсенді рөл атқаруы қажет.

– Қазірдің өзінде халықаралық жүк ағындарын толыққанды ұйымдастырушы деңгейіне көшуіміз керек. Отандық логистикалық операторларды дамытуға, жүктерді шоғырландыру және тарату орталықтарын құруға ерекше назар аудару қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ірі көлік тораптарының айналасында жаңа өндіріс орындары мен сауда алаңдарын қалыптастырудың маңызын да атап өтті. Оның пікірінше, логистика саласын дамыту елдің экономикалық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.

Президент әлем елдері көлік және логистика инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын айтты.

– Қазіргі таңда логистика мәселесімен барлық елдер айналысып жатыр. Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті, бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобаларға да тоқталды.

Атап айтқанда, 2027 жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісін пайдалануға беру көзделіп отыр. Президенттің сөзінше, бұл жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк өткізу мүмкіндігін 20 миллион тоннаға ұлғайтады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы тамыз айында «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы басталғанын хабарлады.

Аталған жоба Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Президент Үкіметке көлік-логистика саласында қолға алынған барлық жобаның сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асырылуын қатаң бақылауды тапсырды.

Мемлекет басшысының айтуынша, отандық логистикалық операторларды дамыту, жаңа көлік бағыттарын іске қосу және халықаралық жүк тасымалын ұйымдастыру мүмкіндіктерін кеңейту Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталуы тиіс.