Қазақстан 2029 жылға қарай электр энергиясын ішкі қажеттіліктен артық өндіретін деңгейге шығуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі уақытта елімізде жылына 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі. Алайда бұл көлем өнеркәсіпті, құрылысты, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және экономиканы ауқымды цифрландыруға жеткіліксіз.

– Сондықтан алдымызда стратегиялық міндет тұр. 2029 жылға қарай тұрақты энергетикалық профицитке қол жеткізуіміз керек. Осы мақсатта жаңа электр станцияларын салу, қолданыстағыларын жаңғырту және электр беру желілерін дамыту қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент көмірден электр энергиясын өндірудің экологиялық тұрғыдан жетілдірілген технологияларына толық көшудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар күн электр станцияларын қоса алғанда, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға басымдық беру қажеттігін айтты.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке Қазақстанның 2035 жылға дейінгі бірыңғай ұзақмерзімді энергетикалық теңгерімін жаңартуды тапсырды.

Жолдауда атом энергетикасын дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Президент Қазақстанда бірден бірнеше атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев болашақ атом электр станцияларын ұзақ мерзім бойы уран шикізатымен қамтамасыз ету мәселесін қазірден бастап қарастыру қажеттігін жеткізді.

– Қазірдің өзінде алдағы елу жылда және одан кейін де атом электр станцияларын уран шикізатымен қалай қамтамасыз ететінімізді ойластыруымыз керек. Қазақстандағы АЭС-тердің қажеттілігін алдағы жүз жыл бойы өтеуге мүмкіндік беретін мемлекеттік стратегиялық уран қорын құру туралы ұсынысты байыппен қарастыру қажет деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент атом электр станцияларының құрылысына қатысатын шетелдік компанияларды Қазақстанда жоғары технологиялық өндірістер ашуға, ядролық энергетика саласындағы білім мен тәжірибені беруге және отандық мамандарды даярлауға тарту маңызды екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Ресей мен Қытай компаниялары да осындай ынтымақтастыққа қатысты ұсыныстар білдіріп отыр.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Балқаш» және «Мойынқұм» атом электр станцияларының құрылысына қатысты жоспарларға тоқталды.

– Келесі жылы «Балқаш» АЭС-інің құрылысын бастауға кірісуге болады, тіпті бұл қажет те болуы мүмкін деп есептеймін. Сондай-ақ «Мойынқұм» АЭС-інің құрылысын мүмкіндігінше тезірек бастау мақсатында кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қою керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің индустриялық және технологиялық дамуы үшін энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар, азаматтық инфрақұрылымды да ауқымды түрде жаңарту қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы бұл жұмыстарға мемлекеттік қаржымен бірге жеке инвестицияларды тартудың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру тек бюджет қаражатына тәуелді болмауы керек.

Президент Үкіметке ұзақмерзімді қаржыландырудың барлық қолжетімді көзін жұмылдырып, қаржы қауымдастығымен бірлесіп, заң талаптарына сәйкес келетін инвестициялық тетіктерді әзірлеуді тапсырды.

– Қабылданып жатқан шешімдердің мәні қарапайым: мемлекеттік қаражат жеке инвестиция тартуға кепіл болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, энергетикалық қуаттарды арттыру, атом энергетикасын дамыту, электр желілерін жаңғырту және жеке капиталды тарту Қазақстанның индустриялық-технологиялық дамуын қамтамасыз ететін негізгі бағыттардың бірі болуға тиіс.