Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қалаларды дамыту және олардың инфрақұрылымын цифрландыру мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысы Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, қалалар инфрақұрылымының цифрлық сыңарын әзірлеуді тапсырды.

Президенттің айтуынша, мемлекет ауылдық елді мекендерді дамытуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға тұрақты көңіл бөліп келеді. Сонымен қатар қалалар экономикалық өсімнің, білім мен технологиялардың дамуының негізгі орталықтарына айналып отыр.

– Қазір экономика, білім мен технологияның тірегі де, таланттарды шыңдайтын да негізгі қалалар екенін атап өткен жөн. Сайып келгенде, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен орта және ұзақмерзімді даму жоспары болуы керектігін атап өтті.

Сонымен қатар қала ресурстарын тиімді басқару үшін заманауи цифрлық технологияларды енгізу қажеттігі айтылды.

Президент Үкіметке жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қалалар инфрақұрылымының цифрлық сыңарын қысқа мерзімде әзірлеу міндетін жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қалалардың қауіпсіздігін, тұрғындарға қолайлылығын және көркін арттыру мәселесін маңызды мемлекеттік міндет ретінде қарастыру қажеттігін жеткізді.

– Қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуына басымдық, яғни приоритет ретінде қарай отырып, бұл істі аса маңызды мемлекеттік міндет деп қабылдау керек. Бұл – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасына толық сай келетін талап, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, қалалардың қарқынды дамуы өңірлердің экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Президент қалаларды жүйелі жоспарлау, инфрақұрылымды тиімді басқару және цифрлық шешімдерді енгізу өңірлік дамудың маңызды бағыттарының бірі болуға тиіс екенін атап өтті.