Қазақстан ИКАО-мен бірлесіп, авиацияны дамытудың 2050 жылға дейінгі жоспарын әзірлеп жатыр
Фото: Gov.kz
Қазақстанда Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) сараптамалық қолдауымен азаматтық авиацияны дамытудың 2050 жылға дейінгі мастер-жоспары әзірленіп жатыр.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласармен кездесуде мәлімдеді.
Кездесу Астанада 20–22 қазан аралығында өтіп жатқан ICAO Security Week 2026 халықаралық авиациялық қауіпсіздік апталығы аясында ұйымдастырылды.
Тараптар Қазақстан мен ИКАО арасындағы ынтымақтастықты дамыту, авиациялық қауіпсіздікті нығайту және азаматтық авиация саласындағы халықаралық әріптестікті кеңейту мәселелерін талқылады.
Нұрлан Сауранбаев елімізде азаматтық авиация инфрақұрылымын дамыту және әуе қатынасының қолжетімділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.

Фото: Gov.kz
2028 жылға дейінгі үш жылдық жоспар аясында Қазақстанда әуе бағыттарының желісін кеңейту, әуежайларды жаңғырту, әуе кемелері паркін жаңарту және авиация саласына қажетті мамандар даярлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар ИКАО сарапшыларының қолдауымен Қазақстанның азаматтық авиация саласын 2050 жылға дейін дамытуға арналған ұзақмерзімді мастер-жоспар әзірленуде.
Аталған құжат саланың алдағы даму бағыттарын айқындауға арналған.
Кездесу барысында авиациялық қауіпсіздік талаптарын жетілдіру және халықаралық тәжірибені пайдалану мәселелеріне де назар аударылды.
Келіссөз қорытындысы бойынша Нұрлан Сауранбаев пен Хуан Карлос Саласар азаматтық авиацияның басым бағыттары бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға және өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.

Фото: Gov.kz