Қазақстанның су шаруашылығы саласындағы 25 маманы Қытай Халық Республикасында ирригация жүйелерін жаңғырту, су ресурстарын тиімді басқару және шағын гидроэнергетиканы дамыту бағыттары бойынша білім алып жатыр.

Халықаралық оқыту бағдарламаларын Қытай Су ресурстары министрлігінің Ауылдық жерлерді электрлендіру ғылыми-зерттеу институты мен Шағын гидроэнергетика жөніндегі Азия-Тынық мұхиты оқу-зерттеу орталығы (HRC) ұйымдастырды.

9–22 қыркүйек аралығында Ханчжоу қаласында «Бір белдеу – бір жол» бастамасына қатысушы мемлекеттерге арналған ирригациялық аудандарды салу және басқару мәселелері бойынша семинарлар өтті.

Фото: Gov.kz

Оқу бағдарламасы аясында Азия елдеріндегі ірі және орта ирригациялық жүйелерді жаңғырту, олардың тиімділігін арттыру және орнықты дамыту тәжірибесі қарастырылды.

Ал 14 қазанда су ресурстарын басқару, экологиялық орнықты шағын гидроэнергетика және су шаруашылығындағы заманауи технологияларға арналған кезекті семинарлар басталды. Оқу іс-шаралары 27 қазанға дейін жалғасады.

Қазақстандық мамандар Қытайдың ирригациялық инфрақұрылымды салу, жаңғырту және пайдалану саласындағы тәжірибесін зерделеп жатыр.

Фото: Gov.kz

Атап айтқанда, су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалану, суару жүйелерін цифрландыру және су шығынын есепке алу тәсілдеріне ерекше назар аударылуда.

Сонымен қатар қатысушылар сорғы станцияларының жұмысымен және ирригациялық жүйелерді басқаруға арналған заманауи цифрлық шешімдермен танысуда.

Фото: Gov.kz

Бағдарлама аясында шағын су электр станцияларын дамыту тәжірибесі де қарастырылып жатыр.

Қазақстандық мамандар шағын гидроэнергетикалық нысандарды салу, олардың жұмыс тиімділігін арттыру және су ресурстарын сақтай отырып пайдалану бағытындағы Қытай тәжірибесін зерттеуде.

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев халықаралық оқыту бағдарламасы теориялық білім мен тәжірибелік сабақтарды біріктіретінін атап өтті.

– Бағдарлама теориялық сабақтар мен тәжірибелік нысандарға баруды қамтиды. Қатысушылар су шаруашылығы инфрақұрылымын пайдалану және жаңғырту тәжірибесімен, сондай-ақ су ресурстарын басқарудың заманауи технологияларын қолдану тәсілдерімен танысады, – деді Талғат Момышев.

Вице-министрдің айтуынша, семинарлар барысында ирригациялық жүйелерді дамыту, су үнемдеу және су ресурстарын тиімді басқару мәселелері бойынша қытайлық сарапшылармен тәжірибе алмасу ұйымдастырылған.

Халықаралық оқыту бағдарламасы қазақстандық мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға және су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуда шетелдік тәжірибені зерделеуге бағытталған.