Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінде мұнай-газ саласын дамыту, кен орындарын игеру тиімділігін арттыру және отандық өндірушілердің ірі жобаларға қатысуын кеңейту мәселелері қаралды.

Аталған мәселелер Жақып Хайрушевтің төрағалығымен өткен Қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды. Жиынға энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров қатысты.

Фото: Gov.kz

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – игерудің соңғы кезеңіндегі кен орындарының мұнай бергіштігін арттыру.

Қатысушылар мұнай өндіру тиімділігін жоғарылатуға арналған заманауи технологияларды енгізу және оларды қолдану нәтижелерін қарастырды.

Фото: Gov.kz

Фото: Gov.kz

Сонымен қатар дәстүрлі емес көмірсутек қорларын барлау мен игеруге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, тұтқырлығы жоғары, ауыр және битумды мұнай кен орындарын игеру мәселелері қозғалды.

Фото: Gov.kz

Отырыста ел ішіндегі құндылықты дамыту және мұнай-газ саласындағы қазақстандық кәсіпорындардың үлесін арттыру бағытындағы жұмыстар да талқыланды.

NCOC, ТШО және ҚПО компанияларының өкілдері отандық тауар өндірушілердің мұнай-газ жобаларына қатысуы және саланың қажеттіліктерін жергілікті өніммен қамтамасыз ету жөнінде баяндама жасады.

Фото: Gov.kz

Қатысушылар қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін пайдалану және олардың ірі мұнай-газ операторларымен ынтымақтастығын кеңейту мәселелеріне тоқталды.

Қоғамдық кеңестің отырысы көмірсутек ресурстарын игерудің тиімділігін арттыру, жаңа технологияларды қолдану және отандық өндірушілердің мұнай-газ саласындағы жобаларға қатысу мүмкіндіктерін дамыту мәселелеріне арналды.