Мәскеуде Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары Александр Новакпен кездесті.

Келіссөз барысында тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы отын-энергетика кешеніндегі ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен алдағы даму мүмкіндіктерін талқылады.

Атап айтқанда, энергетика саласындағы өзара тиімді әріптестікті нығайту және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері қаралды.

Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестік пен тату көршілік қатынастар аясында энергетика саласы маңызды бағыттардың бірі болып саналады.

Тараптар бұл саладағы байланыстардың көпжылдық бірлескен жұмыс тәжірибесіне негізделгенін атап өтті.

Фото: Gov.kz

Кездесу соңында Ерлан Ақкенженов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Александр Новакқа II дәрежелі «Достық» орденін табыстады.

Мемлекеттік марапат Александр Новакқа екі ел халықтары арасындағы бейбітшілік, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ қоғамдық келісімді сақтауға қосқан үлесі үшін берілді.

Кездесу Қазақстан мен Ресейдің энергетика саласындағы ынтымақтастығын дамыту және екіжақты стратегиялық әріптестікті нығайту мәселелеріне арналды.