Алматы облысы Жамбыл ауданында жол инфрақұрылымын жаңарту және ауылішілік көшелердің сапасын жақсарту жұмыстары жалғасып жатыр.

2026 жылдың сегіз айында аудан аумағындағы жол жөндеу жұмыстарына 3,1 млрд теңге бағытталды.

Қазіргі таңда аудандағы ауылішілік жолдардың жалпы ұзындығы 915 шақырымды құрайды.

Оның 76,1 пайызы қанағаттанарлық жағдайда.

Биыл 16 нысан бойынша 60,7 шақырым автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізу жоспарланған.

Бүгінге дейін оның 45,4 шақырымы жөнделді. Жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

Аудан әкімі Нұрлан Ертастың айтуынша, жол инфрақұрылымын дамыту тұрғындардың күнделікті қатынауын жеңілдетіп, әлеуметтік нысандарға қолжетімділікті арттыруда маңызды рөл атқарады.

Осыған байланысты жөндеу кезінде халық үшін маңызы жоғары бағыттарға, әлеуметтік нысандарға апаратын көшелерге және көлік қозғалысы қарқынды учаскелерге басымдық беріліп отыр.

Ауданда жол жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады.

Негізгі мақсат – жолдардың сапасын жақсартып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы көлік қатынасын қамтамасыз ету.