Жамбыл ауданында 1 трлн теңгеден астам сомаға 24 инвестициялық жоба іске асырылады
Алматы облысы Жамбыл ауданында 2026 жылдың алғашқы сегіз айында негізгі капиталға 60 млрд теңге инвестиция тартылды.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 млрд теңгеге артық.
Бұл туралы аудан әкімі Нұрлан Ертас БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Инвестициялық белсенділіктің артуы ауданның өнеркәсіптік әлеуетін кеңейтіп, жаңа өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр.
Қазіргі таңда Жамбыл ауданында 91 өнеркәсіптік нысан жұмыс істейді.
Бұл кәсіпорындарда 1 500-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Өндіріс орындары құрылыс материалдарын шығару, тас өңдеу және басқа да өңдеу салаларында қызмет көрсетеді.
Есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 23,3 млрд теңгеге жетті.
Аудан әкімінің айтуынша, алдағы жылдары инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасады.
– 2029 жылға дейін жалпы құны 1 трлн 80 млрд теңге болатын 24 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 10 500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Биылдың өзінде 18 жоба аясында 58 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған.
Ірі жобалардың қатарында Ақсеңгір ауылдық округінде жүзеге асырылатын «Алматы құс фабрикасы Жетісу» жобасы бар.
Құны 200 млрд теңге болатын кәсіпорынды 2030 жылы іске қосу жоспарланған.
Жоба аясында жылына 120 мың тонна құс етін өңдейтін өндіріс орны ашылады деп күтілуде.
Сонымен қатар кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 3 000 жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Жоспарланған жобалар аудан экономикасын әртараптандыруға, өнеркәсіптік өндірісті ұлғайтуға және тұрғындарды жұмыспен қамтуға бағытталған.