Қазақстанда күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында электр желілерін күрделі жөндеу бойынша жоспарланған жұмыстар толық орындалды.

Биыл елімізде 17,1 мың шақырым электр беру желісі жөнделді.

Сондай-ақ 444 қосалқы станция және 3,4 мыңнан астам тарату және трансформаторлық пункт күрделі жөндеуден өтті.

Жұмыстар еліміздің барлық өңірінде жүргізілді.

Атқарылған шаралар электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жөндеу жұмыстарының ең ауқымды көлемі Ақмола облысында іске асырылды.

Өңірде 2,6 мың шақырымнан астам электр беру желісі, 49 қосалқы станция және 555 тарату және трансформаторлық пункт жөнделді.

Павлодар облысында 2 444 шақырым электр беру желісіне күрделі жөндеу жүргізілді.

Сондай-ақ өңірде 52 қосалқы станция және 609 тарату және трансформаторлық пункт жөндеуден өтті.

Жамбыл облысында 1,8 мың шақырымнан астам электр беру желісі, 63 қосалқы станция және 316 тарату және трансформаторлық пункт жөнделді.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл жұмыстар электр желілері шаруашылығының жылыту маусымынан сенімді өтуіне мүмкіндік береді.

Министрліктің Мемлекеттік энергетикалық бақылау және қадағалау комитеті жылыту маусымы кезеңінде электр энергетикасы нысандарының жұмысына тұрақты бақылау жүргізуді жалғастырады.