Tashenev University студенттері AI-Sana көрмесінде дрондарды бағдарламалау және басқару бойынша практикалық курсты таныстырды.

Жоба студенттерге робототехника, бағдарламалау және автономды жүйелерді басқару бағыттарын бір практикалық ортада меңгеруге мүмкіндік береді.

Курстың негізгі мақсаты – дрондарды дайын басқару пульті арқылы ұшырумен шектелмей, оларды бағдарламалық код көмегімен басқаруды үйрету.

Сондай-ақ студенттер ұшу алгоритмдерін әзірлеп, дрондарды нақты міндеттерді орындауға бейімдеуді меңгереді.

Оқу барысында студенттер Bitcraze Crazyflie 2.1 шағын дрондарымен жұмыс істейді.

Алдымен олар дронның құрылымымен, ұшу принциптерімен, негізгі датчиктерінің жұмысымен және компьютермен байланыс орнату тәсілдерімен танысады.

Кейін Python бағдарламалау тілі арқылы дрондарға командалар беріп, автоматтандырылған ұшу алгоритмдерін әзірлейді.

Практикалық тапсырмалар аясында студенттер дронды бағдарламалық код арқылы іске қосуды, белгіленген биіктікті сақтауды, әртүрлі бағытта қозғалтуды, бұрылуды және автоматты түрде қондыруды үйренеді.

Одан кейін алынған дағдылар күрделендіріліп, дрондардың квадрат, шеңбер және алдын ала белгіленген маршрут бойынша ұшу алгоритмдері құрастырылады.

Жобаның негізгі бағыттарының бірі – бірнеше дронды бір мезгілде басқару және олардың синхронды қозғалысын қамтамасыз ету.

Қазіргі уақытта университетте 10 Crazyflie дроны бар.

Жобаның келесі кезеңінде оларды біртұтас басқару жүйесіне біріктіріп, қозғалысын үйлестіру көзделіп отыр.

Бұл бірнеше дронды қатар ұшыруға, оларды белгілі бір формацияға орналастыруға, ұшу барысында формацияны өзгертуге және әр дронға жеке қозғалыс траекториясын белгілеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жобаны дамыту аясында компьютерлік көру технологияларын енгізу жоспарланған.

Ол үшін дрондарға арнайы визуалды маркерлер орнатылып, жоғарыда орналасқан камера арқылы олардың кеңістіктегі X және Y координаттары анықталады.

Осы деректер негізінде компьютер дрондардың нақты орналасуын бақылап, белгіленген позициядан ауытқуын анықтайды.

Бұл олардың қозғалысын автоматты түрде түзетуге мүмкіндік береді.

Осылайша, камера дрондардың орналасуын сырттан анықтайтын жүйе қызметін атқарып, қозғалыстың дәлдігі мен тұрақтылығын арттыруға көмектеседі.

Алдағы уақытта жоба аясында автоматтандырылған ұшу маршруттарын әзірлеу, топтық формацияларды басқару, дрондардың синхронды қозғалысын қамтамасыз ету және олардың арасындағы қауіпсіз қашықтықты бақылау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ автоматты ұшыру және қондыру функцияларын енгізу, компьютерлік көру мен жасанды интеллект элементтерін қолдану мүмкіндіктері қарастырылады.

Әзірлемені дрон-шоулар ұйымдастырумен қатар аумақтарды бақылау, іздеу-құтқару жұмыстарына қолдау көрсету және нысандарды анықтау бағытында пайдалануға болады.

Бұдан бөлек, оны бірнеше дронның көмегімен кеңістікті зерттеу және автономды роботтық жүйелерді сынақтан өткізу үшін қолдануға мүмкіндік бар.

Курстың басты ерекшелігі – студенттердің дайын технологияны пайдаланумен шектелмей, оның жұмыс істеу принциптерін түсінуі.

Олар өз алгоритмдерін әзірлеп, оларды нақты құрылғыларда сынақтан өткізеді.

Бұл тәсіл бағдарламалау, робототехника, компьютерлік көру және автономды жүйелерді басқару бойынша практикалық дағдыларды кешенді түрде қалыптастыруға бағытталған.