Қазақстанда мектеп оқушылары арасында 80 мыңнан астам тіс жегісі жағдайы анықталды
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мектеп жасындағы балалар арасында аурулардың алдын алу және оларды ерте кезеңде анықтау жұмыстарын күшейтіп жатыр.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 3,6 млн бала профилактикалық медициналық қарап-тексерумен қамтылды.
Тексеру нәтижесінде 302 мың баладан түрлі аурулар анықталды.
Олардың 119 мыңнан астамы динамикалық бақылауға алынды.
Балалар арасында жиі кездесетін мәселелердің қатарында тіс жегісі, қаназдық және көру қабілетінің бұзылуы бар.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мектеп жасындағы балаларды профилактикалық қарап-тексеру кезінде тіс жегісінің 80 169 жағдайы анықталды.
Мамандардың айтуынша, бос қанттарды жиі тұтыну тіс жегісінің дамуына ықпал ететін негізгі тағамдық факторлардың бірі саналады.
Сондықтан тіс жегісінің алдын алу тек стоматологқа қаралумен шектелмейді.
Бұл ауыз қуысының гигиенасын сақтау, тәтті сусындар мен қант мөлшері жоғары өнімдерді тұтынуды азайту, таза ауызсудың қолжетімді болуы және медициналық көмекті уақтылы алу сияқты күнделікті дағдыларды қамтиды.
2025 жылдан бастап білім беру ұйымдарында балалардың тамақтану рационындағы қант пен тұз мөлшерін азайтуды көздейтін мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты енгізілді.
«Болашаққа сау тіспен» жобасы аясында екі жылдың ішінде стоматологиялық профилактикаға арналған 166 кабинет ашылды.
Бұл кабинеттердің жұмысы оқушылардың ауыз қуысына күтім жасау дағдыларын қалыптастыруға және стоматологиялық аурулардың алдын алуға бағытталған.
Сонымен қатар профилактикалық медициналық қарап-тексеру жүйесіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдары енгізіліп жатыр.
2027 жылдан бастап ата-аналарға балалардың алдағы медициналық қарап-тексерулері туралы SMS-хабарлама жіберу жоспарланып отыр.
Бұл отбасыларға алдын ала ескерту алып, қажетті тексерулерден уақтылы өтуге мүмкіндік береді.
Мамандар балалардың денсаулығына төнетін заманауи қауіп-қатерлер тек медицина саласымен шектелмейтінін атап өтеді.
Тамақтану, дене белсенділігі, ұйқы, психологиялық саулық және баланың күнделікті уақытының едәуір бөлігін өткізетін орта оның денсаулығына тікелей әсер етеді.
Осыған байланысты балалардың денсаулығын сақтау үшін денсаулық сақтау және білім беру жүйелерінің, жергілікті атқарушы органдардың және отбасылардың бірлескен жұмысы қажет.