Қонаевта теміржол көпірінің астындағы аумақ абаттандырылып жатыр
Қонаев қаласында тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру жұмыстары жалғасып жатыр.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында Сейфуллин көшесіндегі теміржол көпірінің астындағы аумақ абаттандырылып, демалыс пен серуендеуге арналған орынға айналады.
Бұл аумақ қала тұрғындары жиі пайдаланатын жаяу жүргіншілер жолдарының бірі саналады.

Күн сайын бұл жерден кемінде 200-300 адам өтеді.
Бұған дейін аумақта қоқыс жиналып, айналасы ретсіз күйде болған. Енді мұнда тұрғындар мен қала қонақтарына арналған жайлы орта қалыптастыру көзделіп отыр.
Құрылыс жұмыстарының барысымен Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов танысты.
Жоба аясында жаяу жүргіншілер жолдары заманауи жабынмен төселеді. Сондай-ақ орындықтар, қоқыс жәшіктері және шағын сәулеттік нысандар орнатылады.

Бұдан бөлек, аумаққа жарық жүргізіліп, көгалдандыру жұмыстары атқарылады. Жобаның тағы бір ерекшелігі – тұрғындардың үй жануарларымен серуендеуіне де жағдай жасалады.
Осы мақсатта иттерді қауіпсіз серуендетуге арналған қоршалған арнайы алаң салынып жатыр. Онда жануарларды жаттықтыруға арналған кедергілер, төбешіктер және басқа да арнайы құрылғылар орнатылады.

Сондай-ақ алаңды пайдалану ережелері көрсетілген ақпараттық тақтайшалар қойылады.
Жоба бойынша көпір астындағы серуендеу аймағының ауданы 2 352 шаршы метрді құрайды.
Иттерді серуендетуге арналған алаңның ауданы – 752 шаршы метр.
Жалпы абаттандырылатын аумақ 3 104 шаршы метрді қамтиды.
Биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы шеңберінде 16 аумақ абаттандырылып жатыр.
Олардың ішінде аулаларда балалар алаңдарын, жаттығу алаңдарын және саяжайда аллея салу жұмыстары бар.

Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.