Тәуелсіздік сарайында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты ресми қарсы алу рәсімі өтті.

Салтанатты іс-шара барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң, Президент оркестрі Қазақстан мен Оманның мемлекеттік әнұрандарын орындады.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Бұдан кейін мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Президент мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, Оман Сұлтанының Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары маңызды оқиға екенін атап өтті.

– Аса мәртебелі Сұлтан, елімізге алғаш рет мемлекеттік сапармен келген Сізді қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Мұның тарихи мәні ерекше екеніне сенімдімін. Өйткені бұл елдеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты жандандырып, жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Оман арасындағы өзара ықпалдастықтың әлеуеті мол екенін айтып, оны толық іске асыру қажет екенін жеткізді.

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы екі елдің сенімді серіктеске айналуы үшін барынша күш салатынын айтты.

– Қазақстандықтар еліңізге ерекше құрметпен қарайды. Оманға саяхаттап барған азаматтарымыздың қатары қалың. Алайда Маскатты, Оманның басқа да қалаларын көрмеген отандастарымыз бар. Елдеріміз арасында қосымша тікелей коммерциялық әуе рейстері ашылса, барыс-келіс әлдеқайда жандана түсері сөзсіз.

Фото: akorda.kz

Президент сапар аясында Доңға мұнай кен орнына қатысты маңызды келісімге қол қойылғанын атап өтті.

Оның айтуынша, бұл екі тараптың өзара қарым-қатынасты ілгерілетуге мүдделі әрі дайын екенін көрсетеді.

Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

– Кейінгі отыз жылдан аса уақыт ішінде қарым-қатынасымыз айтарлықтай ілгерілеп, нығая түсті. Бүгінгі кездесуіміз қол жеткізілген нәтижелерді бекемдеп, екіжақты байланыстарды жаңа деңгейге көтереді.

Оман Сұлтаны сапар аясында өзара түсіністік жөніндегі бірқатар келісім мен меморандумға қол қойылатынын айтты.

Сондай-ақ ол Қазақстан мен Оман экономика, саясат және мәдени-гуманитарлық салаларда берік байланыс орнатуға мүдделі екенін жеткізді.

Хайсам бен Тариқ Әл Саид екі ел арасындағы барыс-келістің артуы маңызды екенін атап өтіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылы қабылдауы үшін тағы да алғыс білдірді.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz