Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады.

Президентке елдегі криминогендік ахуал, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендегені туралы мәлімет берілді.

Нақты айтқанда, өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны 11 мыңнан аса дерекке азайған.

Қылмыстың аса ауыр түрлері, сондай-ақ қоғамдық орындарда, көшелерде, отбасылық-тұрмыстық салада, кәмелетке толмағандар мен бұрын сотталғандар арасында жасалатын құқық бұзушылықтар кеміген.

Мемлекет басшысына өткен жылдарда жасалған 2,5 мыңнан астам қылмыс ашылғаны айтылды.

Криминалистиканың заманауи құралдары, соның ішінде ДНҚ зерттеулері көп жыл бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар адамдарды анықтауға мүмкіндік беріп отыр.

Ержан Сәденов қоғамда құқықтық тәртіпті бұзуға төзбеушілік дағдысы қалыптасып келе жатқанын баяндады.

Оның айтуынша, азаматтар полицияның «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруына белсенді түрде көмектесіп келеді.

Жыл басынан бері азаматтар, волонтерлер мен қоғамдық көмекшілер берген ақпарат негізінде 12 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 357 қылмыс ашылды.

Жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге шетелдік құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл да ықпал етіп отыр.

Іздеуде жүрген 1039 адам табылып, шетелдерде бой тасалап жүрген 154 адам ұсталды.

Шет мемлекеттердің сұрауы бойынша Қазақстан аумағында 537 қылмыскер құрықталды.

Президентке Ішкі істер министрлігі тергеп жатқан қылмыстық істер бойынша жыл басынан бері 49 миллиард теңге қайтарылғаны жөнінде мәлімет берілді.

Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22,5 пайызға көп.

Интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға 6,5 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Мұндай қылмыстардың саны 21 пайызға азайған.

Интернет-алаяқтықтың жолын кесу мақсатында 8,7 мың алаяқтық және фишингтік сайт, сондай-ақ 187 миллион алаяқтық қоңырау бұғатталды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің цифрлық тетіктерін дамыту туралы да ақпарат берілді.

Бейнебақылау желісінің көмегімен 2,2 мыңнан астам адам анықталып, ұсталған.

Цифрлық шешімдер жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да белсенді қолданылып жатыр.

Қабылданған шаралар профилактикалық жұмысты күшейтіп, жол-көлік оқиғаларының санын 5 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар қаза тапқандар саны 16 пайызға, жарақат алғандар саны 7 пайызға азайған.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.