Семей қаласында Кемел Тоқаев атындағы республикалық детектив шығармалар байқауының қорытындысы өтіп, үздік авторлар марапатталды.

Биыл тоғызыншы мәрте ұйымдастырылған әдеби доданың қорытынды шарасына Абай облысының әкімі Берік Уәли, «Заң» Медиа-корпорациясының директоры Досымбек Өтеғалиев, белгілі журналист Дәулетхан Жиенқұл, Қызылорда облысы мәслихатының депутаты Әмірбек Шаймағамбетов, Абай облыстық сотының төрағасы Қайрат Шақпантаев және зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Заң» Медиа-корпорациясының бастамасымен қолға алынған байқаудың тарихы 2017 жылдан басталады. Осы уақыт ішінде әдеби дода еліміздің бірнеше өңірінде ұйымдастырылып, детектив жанрында қалам тербеп жүрген авторларды қолдауға мүмкіндік берді.

Байқау бұған дейін Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жетісу облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында өткізілген. Биыл алғаш рет Абай облысында ұйымдастырылды.

Аймақ басшысы Берік Уәли қазақ әдебиетінде кенжелеп қалған детектив жанрын дамытуда бұл байқаудың өзіндік орны бар екенін атап өтті.

– «Қазақ детективінің атасы» атанған Кемел Тоқаевтай жазушының мұрасын жаңғыртып, кенжелеп қалған жанрдың дамуына қозғау салған бұл байқаудың өміршең, ел игілігіне қызмет ететіні алғашқы қадамынан-ақ байқалған болатын. Оны шытырман шығарма жазуға деген қызығушылар санының жыл өткен сайын артып келе жатқанына қарап бағамдау қиын емес.

Берік Уәлидің айтуынша, байқаудың арқасында қазақ детективінің қоры көркем, сындарлы және тың шығармалармен толығып келеді.

– Бұған дейін еліміздің әр түкпірінде желкенін жайып, детектив жазуға қабілеті бар жандарды ынталандырып келген байқаудың жалауы биыл киелі Абай елінде желбіреп отыр.

Биылғы байқаудың тағы бір ерекшелігі – жүлдеге іліккен 15 үздік шығарманың «Соны соқпақ» деген атпен жеке жинақ болып жарық көруі.

Абай елінен естелік ретінде әзірленген жинақ байқаудың қорытынды шарасында оқырманға таныстырылып, тұсауы кесілді. Кітапқа Халық қаһарманы, жазушы Қасым Қайсеновтің замандасы Кемел Тоқаев туралы естелігі де енгізілген.

Байқауға ұсынылған шығармаларды қазылар алқасы саралады. Қазылар алқасына журналист, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Жанарбек Әшімжан төрағалық етті.

Қазылар алқасының құрамында жазушы, журналист Серік Әбікенұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Абай облыстық филиалының төрағасы Мерей Қарт және құқық саласының ардагері, адвокат Бауыржан Ахметов болды.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені «Ақ көйлек» шығармасымен ақын, жазушы Әділбек Ыбрайымұлы иеленді.

Бірінші орын «Медбикенің мінәжаты» шығармасының авторы Алдажар Әбіловке берілді.

Екінші орынды «Қоңыр қайысқа түскен таңба» шығармасымен Закира Нұрланқызы және «Ала жіп» шығармасымен Болай Бердиева алды.

Үшінші орын «Батпырауық» шығармасының авторы Сабырбек Олжабайға, «Қармақ» шығармасының авторы Мирас Мұқашқа және «Оянбаған әке» шығармасының авторы Асхат Өмірбаевқа бұйырды.

Байқау аясында ынталандыру сыйлығы мен арнайы жүлде Абай облысының тумалары Аружан Мұсатаеваға «Алданған арман» шығармасы үшін және Сая Исаға «Пианистің ажалы» шығармасы үшін табысталды.

Іс-шараға жергілікті зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, жазушылар мен ақындар, мәдениет қайраткерлері қатысты.

Кемел Тоқаев атындағы республикалық детектив шығармалар байқауы келесі жылы он жылдығын атап өтеді.

Ұйымдастырушылар мерейтойлық байқауды жаңа форматта өткізіп, бұған дейін бас жүлде мен бірінші орын алған авторлар арасында детектив повесть жанры бойынша шығармашылық дода ұйымдастыруды жоспарлап отыр.