Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министріне бірқатар кезек күттірмейтін міндет жүктеді.

Бірінші міндет – бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету. Президенттің айтуынша, бөлінген қаржы мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттырып, нақты нәтиже беруі керек.

– Мақсатсыз шығынға, талан-таражға жол берілмейді. Мұндай әрекеті әшкереленгендердің бірде-біреуі жауапкершіліктен құтылмайды.

Екінші міндет – қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қарулы Күштерді реформалау.

Мемлекет басшысы әскери мамандарды іріктеу мен бағалаудың ашық критерийлерін енгізу қажет екенін айтты.

– Әскери лауазымдарға басшының «өз адамдары» емес, тәжірибелі және білікті кадрлар ұсынылуға тиіс.

Үшінші міндет – әскер қатарындағы идеология және тәрбие жұмысын күшейту.

Президент бұл жұмыс Конституцияның басты қағидаттары мен құндылықтарына сәйкес жүргізілуі керек екенін атап өтті.

Сонымен қатар әлемнің әскери тарихы, ұлттық және жаһандық рухани-мәдени жетістіктер кеңінен дәріптелуі қажет.

Мемлекет басшысының айтуынша, армия кәсіби даярлық пен білімді шыңдайтын, отаншылдыққа баулитын мектеп болуы тиіс.

Президент әрбір әскери қызметшінің өмірі мен қауіпсіздігі бәрінен жоғары тұруы керек екенін айтты.

– Әскер – қорқыныш пен үрейге толы жер болмауы керек. Әскер – жас сарбаздарды, еліміздің нағыз отаншыл азаматтарын тәрбиелеудің бұрынғы және қазіргі озық үлгілері ұштасқан кәсіби деңгейі жоғары институт болуға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары әскери қызмет туралы, әсіресе басшылықтың жоғары бағасы мен қолдауына ие болған әскери қызметшілер жөнінде объективті ақпарат таратуы қажет екенін айтты.

Президенттің сөзінше, әскери қызметке өмірін арнаған әр азамат мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауын сезінуі керек.