Қауіпсіздік Кеңесі мен Қорғаныс министрлігі он күн ішінде әскери реформа жоспарын әзірлейді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштерді реформалау жөнінде арнайы жоспар әзірлеуді тапсырды.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан армиясы қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге сай жаңаруы қажет. Осыған байланысты Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде әскерді реформалау жоспарын әзірлеуге тиіс.
Президент жақында Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратымен өткен жиында әскери саладағы басым міндеттерді айқындағанын еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қолбасшылық жүйесін халықаралық үздік тәжірибеге сай қайта құру қажет екенін айтты. Оның сөзінше, бұл бағытта кешенді тәсіл қолданылуы керек.
– Реформаның мақсаты – жаңа үлгідегі әскер жасақтау.
Мемлекет басшысы армияда цифрлық трансформация жүргізіп, мүмкін болған жағдайда адамды технологиямен алмастыруды тапсырды.
Президент әскерді дамытудың жаңаша тәсілдері қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, таптаурын шешімдер, алдамшы амалдар және қағаз жүзіндегі есептер қорғаныс саласының нақты мәселелерін шеше алмайды.
Жоғарғы Бас Қолбасшы нақты әрі түсінікті, кезең-кезеңімен орындалатын реформа жоспарын әзірлеу маңызды екенін айтты.
Президент бұл құжат көлемді тұжырымдамаға немесе формалды жол картасына айналмауы керек екенін ескертті.
Әскери реформа жоспары қазан айының екінші жартысында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына әскерді реформалау үдерісін үйлестіруді тапсырды.