Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық конференцияда Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы жетістіктері мен алдағы міндеттеріне тоқталды. Мемлекет басшысы цифрлық экономиканы дамыту, жаңа технологияларды өндіріске енгізу және Ресеймен ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін көтерді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев AI Journey 2026 халықаралық жасанды интеллект конференциясында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы жоғары технологиялар саласындағы жетекші мамандардың басын қосқан форумға шақырғаны үшін Ресей Президенті Владимир Путинге алғыс білдіріп, елдің ғылым мен технология бағытындағы жетістіктеріне оң баға берді.

Ресей ежелден данышпан ғалымдарымен, әсіресе, инженерия саласындағы өнертапқыштарымен танымал. Дәл осы жерде Михаил Ломоносов, Дмитрий Менделеев, Иван Кулибин, Николай Лобачевский, Андрей Колмогоров, Александр Попов, Сергей Королев, Константин Циолковский, Игорь Курчатов, Петр Капица және басқа да көптеген ақыл-ой алыптарының есімдерін атау орынды болар еді. Олардың бәрін бірдей атап-түстеуге қағаз да, уақыт та жетпейді. Академик Сергей Лебедевтің жетекшілігімен әлемдегі ең алғашқы электрондық есептеуіш машиналарының бірі жасалды. Бұл жаңа тұрпатты технологиялық жүйенің қалыптасуындағы маңызды кезең болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Ресейдегі ғылыми-техникалық жетістіктер мен инновациялық әзірлемелер аталған дәстүрдің бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқанын көрсетеді.

Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының мәліметіне сәйкес, Ресей бірегей конструкциялар мен модельдер өндірісіне берілген өтінімдер бойынша әлемде екінші орын алады. Оның адамзат дамуындағы маңызына бір сөзбен баға беру қиын. Ресейдің жетекші технологиялық компанияларының, соның ішінде «Сбер» мен «Яндекстің» заманауи әзірлемелері жоғары технологияның дамуына қызығатын, ақ-қараны ажырата білетін кез келген адамды таңғалдырмай қоймайды. «Яндекс» те, «Сбер» де біздің нарықта кеңінен танымал. «Яндекс» шын мәнінде Қазақстандағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі саналады. «Курчатов институты», «Сколково», «Иннополис», «Технополис» және басқа да маңдайалды мекемелер Ресей мемлекетінің инновациялық инфрақұрылымы қаншалықты ауқымды екенін анық көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу Қазақстандағы реформалардың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ екі ел арасындағы жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.

Биыл 1 шілдеде заңды күшіне енген жаңа Конституциямызда ғылым мен инновацияны дамыту стратегиялық бағыт, ал білім мен прогресс мемлекеттің басты құндылықтары ретінде бекітілді. Дәл осы себепті аталған форум еліміз үшін өзекті. Мұны Қазақстан делегациясының құрамынан да аңғаруға болады. Олардың қатарында ресейлік серіктестермен ықпалдастықты кеңейтуге мүдделі салалық мемлекеттік органдардың басшылары, ірі бизнес пен IT қоғамдастық өкілдері бар. Қазақстан мен Ресейді ғасырлардан тамыр тартатын достық, ортақ тарих, берік экономикалық және жан-жақты гуманитарлық қатынастар байланыстырады. Озық технология саласындағы ынтымақтастық Қазақстан-Ресей стратегиялық серіктестігінің басты бағыттарының бірі болатынына сенімдімін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлем жаңа ғылыми-техникалық революция қарсаңында тұрғанын атап өтті. Оның пікірінше, технологиялық өзгерістер жаһандық экономикаға, адамдардың дүниетанымына және мемлекеттердің даму бағытына айтарлықтай ықпал етеді.

Жасанды интеллект қазірдің өзінде жекелеген өндірістік және ойлау үдерісін немесе қазір айтылып жүргендей, когнитивтік процестерді автоматтандырумен шектелмей, технологиялық инфрақұрылымның ажырамас бөлігіне айналды. Биыл дүние жүзінде жасанды интеллектіге жұмсалған қаржы шамамен 2,7 триллион долларды құрауы мүмкін. Оның ішінде 1,5 триллионнан астамы цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Стэнфорд университетінің зерттеуі бойынша сауалнамаға қатысқан ұйымдардың 88 пайызы өздерінің күнделікті қызметінде жасанды интеллектіні пайдаланатынын мәлімдеген. Екі жыл бұрын аталған көрсеткіш небәрі 55 пайыз еді. Ірі шетелдік технологиялық компаниялардың, соның ішінде ресейлік компаниялардың басшыларымен жиі кездесіп, пікір алмасамын. Жақында NVIDIA жетекшісі Дженсен Хуангпен жүздестім. Сондағы көзімнің жеткені – болып жатқан өзгерістер ұзақмерзімді әрі ол енді тоқтамайды,– деді Президент.

Фото: akorda.kz

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы технологиялық трансформацияның геосаяси шиеленіс күшейіп, мемлекеттер арасындағы сенім әлсіреген кезеңде жүріп жатқанына назар аударды.

Әлемнің мүлдем жаңа геотехнологиялық картасы пайда болды деуге болады. Озық шешімдерге, есептеу қуатына, білікті кадрларға қол жеткізу мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігіне және қауіпсіздігіне ықпал ететін факторға айналды. Халықаралық ғылыми байланыстарды шектеу, аса маңызды технологияларды аталған үдеріске қатысушы ат төбеліндей топтың қолында шоғырландыру түбі жаһандағы технологиялық теңсіздіктің ушығуына алып келеді. Елдердің арасында тағы бір жіктің қалыптасуына жол беруге болмайды. Керісінше, өзара тиімді халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастыққа тиісті жағдай жасау қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстанды барынша қысқа мерзім ішінде толық цифрланған мемлекетке айналдыру стратегиялық мақсат ретінде белгіленгенін жеткізді.

Біз осы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияладық. Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы бекітіліп, «Жасанды интеллект туралы» заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Осылайша, цифрлық экономиканы қарқынды дамытуға қажетті құқықтық және институционалдық негіз қаланды. Ең бастысы, аталған ауқымды жұмысты қоғам қолдап отыр, себебі азаматтарымыз және бизнес игілігін көруде. Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді, eGov Mobile қосымшасына халқымыздың үштен екісі, яғни, 13 миллион қолданушы тіркелген. Бір апта бұрын жарияланған БҰҰ зерттеуіне сүйенсек, Қазақстан әлемдегі электрондық үкіметтің даму рейтингінде екі жыл ішінде 8 позицияға көтеріліп, 16-орынға табан тіреді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы еліміздегі электрондық қаржы қызметтерінің дамуына және технологиялық кәсіпкерлікті қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.

Елімізде технологиялық кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасалған. Былтыр отандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Стартаптар мен технологиялық компанияларға қолдау көрсететін Astana Hub технопаркі табысты жұмыс істеп тұр. 2019 жылдан бері Astana Hub орталығына тіркелуші компаниялардың жиынтық кірісі 7 миллиард долларға жуықтады. Қазіргі кезде Astana Hub аясында 2700 стартап пен компания қызмет көрсетеді. Алғашқы «сыңармүйіз стартап» та пайда болды. Қазір оның соңынан басқа да компаниялар ілесіп келеді. Higgsfield деп аталатын стартаптың құны бір жылда 10 миллиард долларға шарықтады, компанияның капитализация деңгейі ұдайы өсіп келеді. Оның негізін қазақтың екі талантты жігіті қалаған. Мен «халықтық цифрлық экономика» құру міндетін қойдым. Интернет заңды кәсіппен айналысып, пайда тапқысы келетін адамдарға қызмет етуге тиіс. Басқаша айтқанда, интернет – «қоқыс жәшігі» емес, жасампаз шығармашылық пен өнімді еңбектің кеңістігі болуы керек. Азаматтарды цифрлық құралдар арқылы жұмыспен қамту үшін нақты шаралар қабылданып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Президент болашақ цифрлық экономикаға қажетті мамандарды даярлау мәселесіне де ерекше назар аударды. Қазіргі уақытта AI-Sana бағдарламасы аясында 100 мыңнан астам студент жасанды интеллектіні қолданудың практикалық дағдыларын меңгеріп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, технологиялық дамуға қол жеткізу үшін инфрақұрылымды жетілдірумен және мамандарды даярлаумен ғана шектелмей, отандық әзірлемелерді дамыту қажет.

Инфрақұрылым мен мамандардың сақадай-сай болуы технологиялық серпіліске кепіл емес екенін біз жақсы түсінеміз. Төл әзірлемелер болуы қажет. Ең бастысы, оны экономиканың кәдесіне жаратқан жөн. Дәл осы себепті жақында Астанада өткен Digital Bridge форумында AI Challenge бастамасын ұсындым. Оның мақсаты – кәсіпорындар мен бағдарлама әзірлеушілерді нақты өндірістік міндеттерді шешуге жұмылдыру. Ресеймен арадағы серіктестігімізде де осындай тәсілге қажеттілік туындайды деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: akorda.kz

Форум барысында Мемлекет басшысы жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы энергетика саласына түсетін жүктемені арттыратынын да атап өтті. Оның айтуынша, есептеу қуатына деген сұраныстың өсуі энергия жүйелерінің сенімділігін қамтамасыз етуді талап етеді.

Халықаралық энергетика агенттігінің болжамы бойынша 2030 жылға қарай әлемдегі деректерді өңдеу орталықтары 950 миллиард киловатт-сағатқа дейін электр қуатын тұтынуы мүмкін. Бұл – 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда екі есе жоғары. Мұндай жағдайда энергетикалық ресурстардың қолжетімділігі, электр желілерінің сенімділігі және оны тиімді қолдану технологиялық бәсекеге қабілетті болудың негізгі алғышарты саналады. Сондықтан Қазақстан бірнеше атом электр станциясын салу туралы стратегиялық шешім қабылдады. Ресеймен серіктестік негізінде салынатын алғашқы «Балқаш» станциясының құрылысында «Росатом» корпорациясы жетекші рөл атқарады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан мен Ресей арасындағы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықтың да стратегиялық маңызы бар екенін жеткізді.

Омбыда өткен Өңіраралық ынтымақтастық форумында жүк тасымалын жетілдіруге, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын басқаруға арналған қазақстандық Smart Cargo және AI Jol жобалары таныстырылды. Қазан айында елдеріміз арасында электронды жүкқұжатты пайдалану арқылы автокөлікпен жүк тасымалдау пилоттық режимде сәтті ұйымдастырылды. Басқаша айтқанда, көлік байланыстарын одан әрі цифрландырудың барынша берік негізі қаланды. Енді ұлттық ақпараттық жүйелерді өзара үйлестіріп, осындай инновациялық шешімдерді іс жүзінде қолданған жөн. Бұл – оңай міндет емес, бірақ екі жақ шын ниетпен кіріссе, шешілетін мәселе. Келешекте Қазақстан мен Ресей арасында толыққанды цифрлық көлік дәлізін қалыптастыруға болар еді. Бүгін көрмеде екі елдің жүк тасымалы саласындағы ықпалдастығы алдағы уақытта қалай өрбитіні таныстырылды. Келешегінен көп үміт күтеміз. Табиғаттың өзі сыйға тартқан артықшылығымызды ескерсек, көлік-логистика саласын дамытуда ерен жетістіктерге жете аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: akorda.kz

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің ғылым және жоғары білім салаларындағы ынтымақтастығына оң баға берді. Атап айтқанда, елімізде ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдары жұмыс істеп жатқанын және бірлескен білім беру жобалары жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Қазіргі таңда елімізде ресейлік университеттердің тоғыз филиалы бар. Ресей Президентімен өзара уағдаластығымызға сай ашылып жатқан «Қазақстан – Сириус» мектебінің алар орны ерекше. Бұл жоба білім саласындағы ықпалдастығымыздың келешегіне қызмет етеді. Аталған мектеп талантты балаларды анықтап, олардың қарым-қабілетін шыңдауда ресейлік тәжірибеге сүйенеді. Мамыр айында Астанада білім беру кешенінің құрылысы басталды. Дәл сондай жоба Алматыда да жүзеге асырылуда, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің білім беру жүйесіне ықпалын да ескеру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, заманауи технологиялар дамыған жағдайда балалардың өз бетінше ойлау және ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау қабілетін қалыптастыру маңызды.

Заманауи технологиялар санаулы секундтарда дайын жауап алуға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – балаларды өз бетінше ойлануға, ақпаратты сыни тұрғыдан сараптауға, байыпты шешім қабылдауға үйрету. Бұл да оңай міндет емес. Өйткені жастардың өзі бізді, аға буынды қазіргі заманға сай пайдалы нәрсеге үйрете алады. Бірақ біздің өмірлік тәжірибеміз көбірек және жастарға қауіпсіз, өркениетті әлемді, оларға болашақта қажет болатын білімді аманат етіп қалдырғымыз келеді. AI Journey Junior білім беру бағыты аясында оқушылар мен педагогтерге жасанды интеллектіні және жаңа технологияларды жауапкершілікпен қолданудың пайдасын түсіндіретін бірлескен жобаны әзірлеуге болады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Фото: akorda.kz

Президент технологиялық прогрестің мүмкіндіктерімен қатар, жасанды интеллектіні пайдалануға байланысты қауіп-қатерлерге де назар аударды.

Өкінішке қарай, жасанды интеллектіні цифрлық алаяқтық, жалған ақпарат тарату, жеке деректерді заңсыз қолдану, азаматтық инфрақұрылымға шабуыл жасау үшін пайдалануда. 6 қараша күні Иордания Королі II Абдалланың бастамасымен Астанада Ақаба процесінің саммиті өтті. Жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік мәселесі талқыланды. Пікірталастың нәтижесі жаңа технологияны қаскөй әрекеттерге пайдалануға қарсы бірге күресу қажеттігін тағы да растады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз соңында Мемлекет басшысы жоғары технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мәселесіне тоқталды.

Бірлескен бастамалар халқымызға, компаниялар мен кәсіпорындарға пайдалы нәтижеге ұласуға тиіс. Біз өзара құрмет пен қолдауға арқа сүйеп, аталған міндетті лайықты деңгейде жүзеге асыратынымызға сенімдімін. Сөз соңында айтарым, Қазақстан Ресеймен арадағы стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастарды жоғары бағалайды. Кеше мен Қытайда өткен саммиттің қорытындысына және ұлы мемлекеттердің «Үлкен үштігінің» декларациясы қабылдануына байланысты Ресей Президентіне шынайы лебізімді жеткіздім. Геосаяси жағдай күрделі кезеңде Ресейдің осындай статусқа ие мемлекет ретінде мойындалуы – оның көшбасшысы Владимир Владимирович Путиннің еңбегінің нәтижесі. Бұл – айдан анық нәрсе. Оны жоққа шығарамын деп әуре болудың қажеті шамалы, – деді Мемлекет басшысы.

AI Journey 2026 халықаралық конференциясының пленарлық сессиясында Ресей Президенті Владимир Путин мен «Сбербанк» ЖАҚ басқарма төрағасы Герман Греф те сөз сөйледі.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz