Қазақстанда 1,6 млрд долларлық химия кешенін салу мәселесі талқыланды
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев отандық және шетелдік инвесторлармен кездесіп, мұнай-газ және химия өнеркәсібіндегі ірі жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды. Келіссөздерде шикізатты терең өңдеу, жаңа технологияларды енгізу және өндірістік әлеуетті арттыруға басымдық берілді.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев отандық және шетелдік компаниялардың басшыларымен бірқатар кездесу өткізді. Тараптар шикізатты терең өңдеу, еліміздің ресурстық базасын кеңейту және заманауи технологияларды енгізуге бағытталған инвестициялық жобаларды талқылады.

«China Wuhuan Engineering» компаниясы мен «ҚазАзот» АҚ басшылығымен өткен кездесуде Маңғыстау облысында аммиак-карбамид кешенін салу мәселесі қарастырылды.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында отандық минералды тыңайтқыштар өндірісін дамытудың маңыздылығын атап өтіп, аталған жобаға қажетті қолдау көрсету жөнінде тапсырма берген болатын.
Жобаның жалпы құны шамамен 1,6 млрд долларды құрайды. Жоспар бойынша жаңа кешен жылына 660 мың тонна аммиак, 577,5 мың тонна карбамид және 500 мың тонна аммиак селитрасын өндіруге мүмкіндік береді.
Кешеннің іске қосылуы отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету деңгейін арттырып, импортқа тәуелділікті азайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, химия өнеркәсібінің экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Нұрлыбек Нәлібаев «Саутс-Ойл» ЖШС және «ADIB Holdings» қаржы тобының басшылығымен келіссөздер жүргізді. Кездесуде Қарағансай учаскесіндегі дәстүрлі емес көмірсутектерді игеру перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында тақтатас мұнайының қорларын игеруді және технологиялық тұрғыдан күрделі кен орындарына инвестиция тарту үшін қажетті жағдай жасауды тапсырған болатын.

Қазіргі уақытта аталған жоба аясында қабатты көпсатылы гидравликалық жарудың заманауи технологиялары қолданылып, екі көлденең ұңғыма бұрғыланды. Жалпы, жоба бойынша 10 ұңғыма бұрғылау жоспарланып отыр.
Келіссөздер барысында қосымша қаржыландыру көздерін тарту, тақтатас мұнайын өндіру технологияларын жетілдіру және Қазақстан аумағында ілеспе өндірістерді ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар дәстүрлі емес көмірсутек қорларын игеру еліміздің ресурстық әлеуетін кеңейтіп, отандық мұнай-газ және мұнай-сервис салаларының технологиялық дамуына серпін беретінін атап өтті.
Кездесулер қорытындысында Нұрлыбек Нәлібаев Үкіметтің инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Атап айтқанда, озық технологияларды енгізуге, отандық өнеркәсіпті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған бастамаларға қолданыстағы заңнама шеңберінде қажетті қолдау көрсетілмек.