Қазақстан-Британ техникалық университетінде ұйымдастырылған KMG Digital Hackathon байқауына 15-тен астам команда қатысты. Студенттер мен IT мамандары мұнай-газ саласындағы өзекті міндеттерді шешуге бағытталған жасанды интеллект жобаларын ұсынды.

25–26 қараша күндері Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университетінде төртінші KMG Digital Hackathon өтті. Іс-шараға Алматы қаласы мен еліміздің өзге өңірлерінен келген студенттерден құралған 15-тен астам команда қатысты.

Хакатон KMG Digital компаниясы мен IT-қоғамдастық арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ жас таланттарды анықтауға мүмкіндік берді. Қатысушылар мұнай-газ саласындағы өзекті мәселелермен танысып, геология бағытында жаңа технологиялық шешімдер әзірлеуге қатысты.

KMG Digital компаниясының AI департаментінің директоры Қуаныш Сәриев хакатонның сала үшін маңыздылығына тоқталды.

«KMG Digital үшін хакатон – студенттерді, IT-қоғамдастықты және салалық сарапшыларды мұнай-газ саласының практикалық міндеттерін шешу төңірегінде біріктіру мүмкіндігі. Бұған дейінгі хакатондардың нәтижесінде кейбір қатысушылар KMG Digital командасына қосылды. Сондықтан біз үшін бұл жаңа технологиялық шешімдерді іздеу ғана емес, жас мамандармен танысып, олардың әлеуетін бағалау мүмкіндігі», – деді Қуаныш Сәриев.

Екі күн бойы қатысушы командалар жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, ұсынылған практикалық кейстер бойынша жұмыс жүргізді. Салалық сарапшылардың қолдауымен олар геологиядағы өзекті міндеттерді шешуге және өндірістік процестердің тиімділігін арттыруға бағытталған жобалар әзірледі.

Дайын жобалар қазылар алқасының қарауына ұсынылды. Оның құрамына «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «KMG Digital» ЖШС және Қазақстан-Британ техникалық университетінің өкілдері енді.

Іс-шара Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылды.

Жобаларды қорғау қорытындысы бойынша қазылар алқасы үздік жұмыстарды атап өтті. Қатысушыларға сертификаттар, естелік сыйлықтар және сыйлық сертификаттары табысталды.