Түркістан облысында ұзақ уақыт бойы аяқталмай келген Қызылқұм магистральдық каналын реконструкциялау жұмыстары қайта жанданды. Жоба Шардара және Арыс аудандарындағы 63 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы алқабын суармалы сумен қамтамасыз етуді жақсартуға және 20 мыңға жуық тұрғынды су басу қаупінен қорғауға бағытталған.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Қызылқұм каналын жаңғырту бұрын басталып, түрлі себептермен аяқталмай қалған су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіру жұмыстары аясында жүзеге асырылып жатыр.

Министрлік әзірлеген арнайы алгоритм бойынша өткен жылдары құрылысы басталып, ұзақ уақыт тоқтап тұрған 10 нысандағы жұмыстарды кезең-кезеңімен аяқтау көзделген.

Қызылқұм магистральдық каналы құрылыс-монтаж жұмыстары белсенді түрде қайта басталған алғашқы нысандардың бірі болды.

Мердігер ұйым 2026 жылдың қазан айында, вегетациялық кезең аяқталып, суармалы су беру тоқтатылғаннан кейін каналдың ұзындығы 3,8 шақырым болатын учаскесін реконструкциялауға кірісті.

Жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызын және құрылыс мерзімінің тығыздығын ескере отырып, нысанға қосымша еңбек ресурстары мен арнайы техника жұмылдырылды.

Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары тәулік бойы үш ауысыммен жүргізіліп жатыр. Нысанда шамамен 250 маман мен 50-ден астам арнайы техника жұмыс істеуде.

Құрылыс қарқынын қамтамасыз ету үшін қажетті материалдар мен жабдықтарды үздіксіз жеткізу ұйымдастырылған.

Сонымен қатар құрылыс алаңында арнайы бетон араластырғыш қондырғы орнатылды. Бұл бетон қоспасын тікелей нысанда дайындауға және канал арнасын бетондау жұмыстарын жедел жүргізуге мүмкіндік береді.

Жоба аясында каналдың ішкі беті бетонмен қапталады. Мұндай технология су тасымалдау кезіндегі шығынды азайтуға және суармалы су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған.

Реконструкция аяқталғаннан кейін Шардара және Арыс аудандарындағы 63 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы жерін сумен қамтамасыз ету жағдайы жақсарады деп күтілуде.

Сондай-ақ жоба шамамен 20 мың адам тұратын Алатау батыр ауылын су басу қаупін төмендетуге мүмкіндік бермек.

Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Нұрбек Серіков Қызылқұм каналын реконструкциялауды аяқтау ведомствоның басым міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Қызылқұм каналын реконструкциялауды аяқтау – министрліктің басым міндеттерінің бірі. Құрылыс жұмыстарының белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуіне, орындалатын жұмыстардың сапасына және нысанның уақытылы пайдалануға берілуіне ерекше назар аударылып отыр. Жобаның іске асырылу барысы тұрақты бақылауда, – деді Нұрбек Серіков.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, нысанды жаңғырту суару жүйесінің сенімділігін арттыруға, ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты сумен қамтамасыз етуге және өңірдегі су шаруашылығы инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған.

Қызылқұм каналындағы жұмыстар бұрын тоқтап қалған су шаруашылығы жобаларын аяқтау және су ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі мемлекеттік шаралардың бір бөлігі ретінде жалғасып жатыр.