Қазақстан мен Түркия 2027–2028 жылдары денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірлескен жоспарға қол қойды. Құжат медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, фармацевтикалық өндірісті дамыту, цифрлық технологияларды енгізу және медицина мамандарын даярлау бағыттарын қамтиды.

Келісімге Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Түркияның Денсаулық сақтау министрі Кемал Мемишоглу Анталья қаласында өткен COP31 халықаралық конференциясы аясында қол қойды.

Жоспар медициналық ғылымды дамыту, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жетілдіру, мамандардың біліктілігін арттыру және денсаулық сақтау жүйелерін цифрландыру салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуді көздейді.

Ақмарал Әлназарованың айтуынша, келісімнің негізгі мақсаты – екі ел арасындағы уағдаластықтарды нақты жобалар мен іс-шаралар арқылы жүзеге асыру.

Қол қойылған жоспарды қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың нақты тетігі ретінде қарастырамыз. Біздің міндетіміз – нақты іс-шараларды айқындап, жауапты ұйымдарды белгілеп, олардың жүйелі түрде орындалуын қамтамасыз ету, – деді министр.

Кездесуде Түркия компанияларының Қазақстандағы медициналық инфрақұрылымды дамытуға қатысуы да талқыланды.

Атап айтқанда, Rönesans Holding компаниясы Көкшетау қаласында 630 төсектік көпбейінді аурухананың құрылысын жүргізіп жатыр. Ал YDA Group Түркістан және Петропавл қалаларындағы ауруханалар құрылысына қатысуда.

Сонымен қатар Orhun Medical компаниясымен ядролық медицина және диагностикалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі инвестициялық келісім жасалған.

Қазіргі уақытта Маңғыстау және Қызылорда облыстарында позитрондық-эмиссиялық және компьютерлік томография (ПЭТ/КТ) орталықтары жұмыс істеп тұр.

Фармацевтика саласында да екі ел арасындағы ынтымақтастық кеңейіп келеді. Abdi İbrahim және Nobel İlaç компанияларымен Қазақстанда дәрілік заттар мен белсенді фармацевтикалық ингредиенттер өндірісін құруға бағытталған екі ірі инвестициялық келісімге қол қойылған.

Бұдан бөлек, Қазақстан мен Түркияның реттеуші органдары фармацевтикалық инспекция, зертханалық сынақтар және дәрілік заттардың қауіпсіздігін бақылау бағыттарындағы өзара іс-қимылды күшейтуді жоспарлап отыр.

Келіссөздер барысында денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Қазақстан тарапы Түркияның ауруханаларды цифрлық басқару тәжірибесін, оның ішінде e-Nabız платформасын қолдану мүмкіндіктерін зерделеуге қызығушылық білдірді.

Бұл бағытта клиникалық және әкімшілік процестерді автоматтандыру, медициналық ресурстарды тиімді басқару және пациенттер ағынын реттеу тәжірибесін зерттеу көзделген.

Медициналық кадрларды даярлау саласында тараптар бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, тағылымдамалар ұйымдастыру және клиникалық тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін талқылады.

Сондай-ақ Түркияның Денсаулық сақтау институттарымен (TÜSEB) ынтымақтастық орнату және медицина қызметкерлерін аккредиттеу мен сертификаттау тәжірибесін зерделеу жоспарланып отыр.

Кездесу барысында Қазақстанда «Түрік медицинасы күндерін» өткізу туралы ұсыныс та айтылды.

Аталған бастама жүзеге асқан жағдайда түркиялық жетекші мамандардың қатысуымен кардиология, нейрохирургия, оңалту және шұғыл медицина бағыттарында шеберлік сабақтары мен пациенттерге арналған консультациялар ұйымдастырылмақ.

Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – алғашқы медициналық-санитариялық көмектің сапасын арттыру, аурулардың алдын алу және медициналық қызметтердің халыққа қолжетімділігін кеңейту.

Ақмарал Әлназарова Қазақстанның алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі елдердің жаһандық коалициясын дамыту бағытындағы жұмысын жалғастырып жатқанын атап өтті.

Қазақстан медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге, аурулардың алдын алуға және денсаулық сақтау жүйелерінің тұрақтылығын нығайтуға бағытталған алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі елдердің жаһандық коалициясын ілгерілету жұмыстарын жалғастыруда. Осыған байланысты Түркия Республикасын Коалицияға қосылу мүмкіндігін қарастыруға тағы да шақырамын, – деді министр.

Кездесу қорытындысында тараптар бірлескен жоспардың орындалуына жауапты ұйымдарды айқындап, 2027–2028 жылдарға арналған іс-шараларды практикалық жүзеге асыруға кірісу жөнінде уағдаласты.

Жаңа келісім Қазақстан мен Түркия арасындағы медициналық ынтымақтастықты кеңейтуге, заманауи технологиялар мен халықаралық тәжірибені енгізуге және денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.