Алматыдағы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасында қазақстандық нейрохирургтар Германиядан келген профессордың қатысуымен сегіз жастағы балаға күрделі операция жасады. Дәрігерлер баланың миында орналасқан сирек туа біткен патология – гамартоманы микрохирургиялық әдіспен алып тастады.

Гамартома – ми тіндерінің дамуындағы ауытқулар нәтижесінде пайда болатын, балаларда сирек кездесетін түзіліс. Ол мидың белгілі бір аймағында орналасып, эпилепсиялық ұстамалар мен түрлі неврологиялық бұзылыстарға себеп болуы мүмкін.

Науқаста туғаннан бастап себепсіз күлкі ұстамалары, ұйқы мен сөйлеудің бұзылуы, психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі, бас ауруы және есінен тану жағдайлары байқалған.

Бірнеше жыл бойы бала дәрігерлердің бақылауында болып, дәрі-дәрмекпен ем қабылдаған. Бұған дейін оған хирургиялық араласулар да жасалған. Алайда жүргізілген емге қарамастан, эпилепсиялық ұстамалар тоқтамағандықтан, кезекті нейрохирургиялық операция қажет болған.

Күрделі ота халықаралық практикалық шеберлік сабағы аясында ұйымдастырылды. Оған Германиядағы «Шарите» (Charité – Universitätsmedizin Berlin) университеттік клиникасының балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Ульрих-Вильгельм Томале қатысты.

Неміс маманы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының нейрохирургиялық тобымен бірлесіп, ми гамартомасын микрохирургиялық әдіспен алып тастады.

Операция барысында нейронавигация және интраоперациялық нейромониторинг технологиялары қолданылды.

Нейронавигация хирургтарға мидың күрделі анатомиялық құрылымдарында дәл бағдарлауға мүмкіндік береді. Ал нейромониторинг операция кезінде маңызды функционалдық аймақтардың жағдайын бақылауға көмектеседі.

Бұл технологиялар күрделі нейрохирургиялық араласулардың дәлдігін арттыруға және сау ми тіндерінің зақымдану қаупін азайтуға бағытталған.

Халықаралық шеберлік сабағы «Добровольное Общество Милосердие» қоғамдық қорының қаржылық қолдауымен өткізілді.

Бағдарлама аясында қазақстандық және шетелдік мамандар барлығы бес күрделі нейрохирургиялық операция жасады.

Сонымен қатар пациенттерге медициналық консультациялар беріліп, отандық дәрігерлер үшін тәжірибелік оқыту іс-шаралары ұйымдастырылды.

№2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияровтың айтуынша, халықаралық тәжірибе алмасу елімізде күрделі ми аурулары бар балаларға көрсетілетін медициналық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.

– Біз үшін мидың күрделі ауруларына шалдыққан балалардың Қазақстанда жоғары технологиялық медициналық көмек алу мүмкіндігі болуы маңызды. Халықаралық ынтымақтастық, тәжірибе алмасу және заманауи хирургиялық технологияларды енгізу отандық нейрохирургияны дамытуға және күрделі пациенттерді емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады, – деді Марат Рабандияров.

Қазіргі уақытта Алматыдағы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасы балалар нейрохирургиясы мен эпилепсияны хирургиялық жолмен емдеу бағыттарын дамытып келеді.

Медициналық мекемеде диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін енгізу, халықаралық мамандармен тәжірибе алмасу және дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары жалғасуда.

Германиялық профессордың қатысуымен өткен шеберлік сабағы қазақстандық нейрохирургтарға күрделі патологияларды емдеудің халықаралық тәжірибесін меңгеруге және жоғары технологиялық хирургиялық әдістерді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік берді.