Ақтөбе облысының Шалқар қаласында 2011 жылдан бері тоқтап тұрған жергілікті әуе қатынасын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Осы мақсатта Шалқар аэродромын реконструкциялау және шағын авиацияға қажетті инфрақұрылымды жаңғырту жоспарланып отыр.

Ақтөбе облысында жергілікті әуе желілері бойынша тұрақты жолаушылар тасымалы 15 жылдан бері жүзеге асырылмай келеді. Қазіргі уақытта өңірде шағын авиацияны дамыту үшін аэродром инфрақұрылымын кезең-кезеңімен қалпына келтіру қолға алынған.

Конкурстық рәсімдердің қорытындысы бойынша Шалқар аэродромын реконструкциялау жұмыстарының мердігері ретінде «SK Best Spec Stroy KZ» ЖШС анықталды.

Жобалау жұмыстарына алдын ала бес ай, ал құрылыс-монтаж жұмыстарына алты ай қарастырылған. Бұл мерзімдерге мемлекеттік сараптамадан өту уақыты кірмейді.

Аэродром Шалқар қаласынан шамамен жеті шақырым қашықтықта орналасқан.

Жоба аясында ұзындығы 1 200 метр болатын қолданыстағы асфальтбетон ұшу-қону жолағын күшейту жоспарланған. Сонымен қатар перрон мен рульдеу жолын реконструкциялау, аэродром аумағын қоршау, модульдік жолаушылар павильонын салу және нысанды қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету көзделген.

Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін аэродром 19 жолаушыға дейін тасымалдай алатын L-410 ұшақтарын қабылдауға бейімделмек.

Әуе рейстерін күндізгі уақытта орындау жоспарланып отыр. Жолаушылар тасымалын Ақтөбедегі «Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай» АҚ базасында ұйымдастыру көзделген.

Шағын авиацияны дамыту үшін қажетті ұшақтарды «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржылық лизинг шарттарымен сатып алу жоспарланған.

Алайда Шалқар мен Ақтөбе арасындағы әуе қатынасының нақты қашан қайта басталатыны әзірге белгісіз.

Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін аэродром міндетті сертификаттаудан өтуі тиіс. Рейстердің іске қосылуы инфрақұрылымның дайындығына, әуе кемелерінің сатып алынуына және тиісті рұқсаттардың алынуына байланысты болады.

Жобаның негізгі мақсаты – Ақтөбе облысындағы елді мекендердің көлік қолжетімділігін арттыру және өңірлік әуе тасымалын дамыту.

Ішкі әуе бағыттарын қалпына келтіру және шағын авиация инфрақұрылымын жаңғырту Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған өңірлер арасындағы көлік байланысын жақсарту жөніндегі міндеттер аясында жүзеге асырылып жатыр.

Шалқар аэродромын реконструкциялау жобасы сәтті аяқталған жағдайда, қала тұрғындары үшін Ақтөбеге әуе көлігімен қатынау мүмкіндігі қайта ашылмақ.