Алматы облысында қазақша қате жазылған жарнамалар цифрлық карта арқылы бақыланады
Алматы облысында сыртқы жарнамалар мен ғимарат маңдайшаларындағы қазақша қате жазуларды анықтап, олардың түзетілуін бақылауға арналған «Ақылды мониторинг» цифрлық жобасы іске қосылды. Жаңа жүйе арқылы анықталған тілдік қателер арнайы интерактивті картаға енгізіледі.
Жоба мемлекеттік тілдегі көрнекі ақпараттың сапасын арттыруға, сауатсыз аудармаларды анықтауға және кәсіпкерлер тарапынан жіберілген кемшіліктердің түзетілуін қадағалауға бағытталған.
Мониторинг жүргізетін топ құрамына тіл жанашырлары, жеке тұлғалар және «Қазақ тілі қоғамы» филиалдарының өкілдері кіреді.
Жүйеде тілдік қате анықталған нысандар үш түспен белгіленеді. Қызыл түс – қате анықталғанын, сары түс – түзету жұмыстары жүргізіліп жатқанын, ал жасыл түс кемшіліктің толық жойылғанын білдіреді.
Мәселен, дүкеннің маңдайшасынан тілдік қате табылса, бақылаушы топ мүшесі оның фотосуретін, мекенжайын және қателік сипаттамасын цифрлық картаға енгізеді.
Бұл ақпарат жауапты әкімдікке жолданып, кәсіпкерге анықталған кемшілікті түзету қажеттігі түсіндіріледі. Қате жойылғаннан кейін жаңартылған фотосурет жүйеге жүктеледі. Жауапты мамандар өзгерісті тексеріп, растаған соң ғана нысанның мәртебесі жасыл түске ауысады.
Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Салтанат Беспаеваның айтуынша, бұған дейін сыртқы жарнамалар мен маңдайшалардағы тіл талаптарының сақталуы азаматтардың шағымдары, әкімдіктердің мониторингі және «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы арқылы бақыланған.
Алайда анықталған қателер туралы мәліметтер әртүрлі жерде сақталғандықтан, олардың түзетілуін жүйелі түрде бақылау қиын болған.
– Алғашқы пилоттық жоба Іле ауданының Байсерке ауылында жүзеге асырылды. Мониторинг барысында анықталған 120 тілдік қате интерактивті картаға енгізілді. Қазір осындай мониторинг облыстың барлық ауданы мен қаласында жүргізіліп жатыр, – деді Салтанат Беспаева.
Басқарма басшысының айтуынша, 2026 жылдың соңына дейін анықталған барлық заңбұзушылықты картаға енгізіп, бірыңғай деректер базасын қалыптастыру жоспарланған.
Ал 2027 жылдың басынан бастап жинақталған мәліметтер жауапты әкімдіктерге беріледі. Олар осы ақпарат негізінде кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, анықталған кемшіліктерді жоюға ықпал етпек.
Қазіргі уақытта «Ақылды мониторинг» жүйесі тілдік қателерді автоматты түрде анықтамайды. Қателерді мамандар тауып, картаға қолмен енгізеді.
Дегенмен алдағы уақытта жасанды интеллект технологияларын пайдаланып, мәтіндердегі орфографиялық қателер мен мағынасы бұрмаланған аудармаларды автоматты түрде анықтау мүмкіндігін енгізу көзделіп отыр.
Биылғы жылдың басынан бері Алматы облысында 335 кәсіпкерлік нысанының ішкі және сыртқы жарнамалары мен көрнекі ақпараттарына мониторинг жүргізілген.
Нәтижесінде 170 тілдік қате анықталып, оның 114-і түзетілді. Қалған 56 кемшілікті жою жұмыстары жалғасып жатыр.
Ең жиі кездесетін заңбұзушылықтардың қатарында ас мәзірлерінің, маңдайшалар мен баға көрсеткіштерінің тек орыс тілінде жазылуы бар.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, маңдайшалар мен көрнекі ақпараттарды орналастыру талаптарын бұзған кәсіпкерлерге алдымен ескерту беріледі.
Егер кәсіпкер бір жыл ішінде осы құқықбұзушылықты қайталаса, оған айыппұл салынады.
Айыппұл мөлшері кәсіпкерлік нысанының санатына байланысты белгіленеді. Лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне және коммерциялық емес ұйымдарға – 5 АЕК (21 625 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 АЕК (43 250 теңге), ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 25 АЕК (108 125 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.
Тұрғындар да мемлекеттік тілдегі қателерді анықтау жұмысына қатыса алады. Ол үшін көшелер мен ғимараттардағы сауатсыз жазулар туралы e-Otinish жүйесі арқылы Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына өтініш жолдау қажет.
«Ақылды мониторинг» жобасы тілдік қателерді анықтау мен түзету процесін бір жүйеге біріктіріп, өңірдегі көрнекі ақпараттың мемлекеттік тіл талаптарына сәйкестігін бақылауды жетілдіруге мүмкіндік береді.