Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын, мемлекеттік басқаруды жетілдіруді және технологиялық жаңаруды өзара сабақтастықта қарастыруға мүмкіндік береді. Халықаралық ахуал күрделенген кезеңде егемендікті нығайту экономикалық әлеуетпен қатар, мемлекеттік институттардың орнықтылығына және қоғамның заңға деген сеніміне байланысты. Осы тұрғыдан Жолдауда көтерілген бастамалардың іске асуы заң үстемдігін қамтамасыз етумен, азаматтардың құқықтарын қорғаумен және мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттырумен ұштасуы тиіс.

Мемлекет басшысының келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау туралы ұсынысы халықтың әл-ауқатын арттыруға, өңірлердің өркендеуіне және азаматтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған. Әлеуметтік нысандардың салынуы, тұрғын үй мен инфрақұрылымның жаңаруы білім беру, денсаулық сақтау және мәдени қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етеді. Бұл бастаманың маңызы ауыл мен қала тұрғындарының мүмкіндіктерін жақындатып, әрбір азаматтың туған жерінде еңбек етуіне, білім алуына және отбасын дамытуына жағдай жасаудан көрінеді.

Халықтың өркендеуі күнделікті өмір сапасының жақсаруымен, әлеуметтік қорғалуымен және болашаққа деген сенімімен тығыз байланысты. Сондықтан ауқымды құрылыс бастамалары тұрғындардың нақты қажеттіліктеріне сай жүзеге асырылып, балалар мен жастардың дамуына, аға буынның жайлы өмір сүруіне және мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді орта қалыптастыруға қызмет етуі тиіс. Осындай өзгерістер өңірлердің әлеуетін арттырып, қоғамдағы бірлік пен елдің ертеңіне деген сенімді нығайтады.

Алатау қаласында инвестициялық сот құру жөніндегі бастама инвестициялық ортаның тұрақтылығы мен сот төрелігінің тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам ретінде назар аудартады. Инвестор үшін заң талаптарының түсініктілігі, дауларды қараудың болжамдылығы және сот шешімдерінің орындалуы шешуші мәнге ие. Осыған байланысты соттың құзыретін, қолданылатын құқықты және өзге соттармен арақатынасын нақты айқындау қажет. Инвестициялық мүдделерді қорғау мемлекеттің, жергілікті тұрғындардың және кәсіпкерлік қатынастардың өзге қатысушыларының заңды мүдделерімен үйлесуі тиіс.

Жасанды интеллектіні сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қолдануды маңызды әрі орынды қадам деп санаймын. Оның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ерте анықтауға, күмәнді әрекеттерді талдауға және мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға ықпал етеді. Бұл бағытта жасанды интеллект мемлекеттік қызметтегі адалдық пен жауапкершілікті нығайтып, заң бұзушылықтардың алдын алуға көмектесетін құрал бола алады. Оны заң талаптарын сақтай отырып енгізу қоғамдық мүддені қорғауға және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін күшейтуге қызмет етеді.

Цифрлық басқаруда азаматтың дербес деректерін қорғау және автоматтандырылған шешімдер үшін жауапкершілікті белгілеу ерекше маңызға ие. Адам өзіне қатысты ақпараттың қандай мақсатта өңделетінін түсініп, қате мәліметтерді түзетуге және мүддесіне әсер еткен шешімді қайта қаратуға мүмкіндік алуы қажет. Мемлекеттік орган жасанды интеллектіні пайдаланған жағдайда қабылданған шешімнің заңдылығы мен негізділігі үшін жауапкершілігін сақтайды. Сондықтан технологияны енгізу, оның жұмысын бақылау және нәтижесін қолдану жөніндегі міндеттер нақты айқындалуы керек.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік басқару академиясының Цифрландыру және инновациялар институтының доценті ретінде Жолдаудағы бастамаларды мемлекеттік басқарушылардың кәсіби даярлығымен байланыстыра қарастырамын. Академияда жүргізетін «Цифрлық құқық» пәні аясында технологияларды қолданудың құқықтық негіздерін түсіндірудің маңызы зор. Қазіргі басқарушы цифрлық шешімнің тиімділігін бағалаумен қатар, оның заңдылығын, азаматтардың құқықтарына ықпалын және ықтимал салдарын ескере білуі тиіс. Оқытушылық қызметімдегі басты ұстаным — цифрлық ортада негізделген әрі жауапты шешім қабылдай алатын мамандарды даярлауға үлес қосу.

Жолдауда көтерілген мәселелерді оқу үдерісімен байланыстыру дербес деректерді қорғау, жасанды интеллектіні жауапты пайдалану және мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету талаптарын нақты басқарушылық жағдайлар арқылы қарастыруға мүмкіндік береді. Мұндай даярлық мемлекеттік қызметшілердің технологиялық құзыретімен бірге құқықтық сауаттылығын да нығайтады.

Жолдаудағы бастамалардың нәтижелі жүзеге асуы заң үстемдігіне, ашықтыққа және жауапты мемлекеттік басқаруға негізделеді. Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаумен ұштасқан цифрлық жаңару қоғамның сенімін нығайтып, экономиканың дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етеді.

Автор: Тағайбек Қымбат Талғатқызы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік басқару академиясының Цифрландыру және инновациялар институтының доценті