Астанадан Алматы мен Семейге жаңа Stadler вагондары қатынай бастайды
Қазақстанда Stadler компаниясының жаңа жолаушылар вагондары Астана – Алматы және Астана – Семей бағыттарында қатынай бастайды. 5 қарашадан бастап аталған пойыздарға билет сату ашылды.
Алғашқы пойыз 11 қарашада Астанадан Алматыға, ал 13 қарашада Семейге жолға шығады.

Жаңа вагондардан жасақталған №3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» және №153/154 «Нұрлы жол – Семей» пойыздарына билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан немесе теміржол вокзалдарының кассаларынан сатып алуға болады.
Жаңа вагондарды пайдалануға беру Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолаушылар жылжымалы құрамын жаңарту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Жасалған келісімшартқа сәйкес, 2030 жылға дейін Қазақстанға 557 жолаушылар вагонын кезең-кезеңімен жеткізу және оларға сервистік қызмет көрсету жоспарланған.
Stadler вагондары еліміздің климаттық жағдайлары мен жолаушылар тасымалына қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып, Stadler Kazakhstan зауытында шығарылады.
Жаңа купе вагондары 40 жолаушыға, ал плацкарт вагондары 56 жолаушыға арналған.

Вагондар заманауи климат-бақылау жүйелерімен, жеке жарықтандыру құралдарымен, 220 вольттық электр розеткаларымен, USB және USB-C порттарымен жабдықталған.

Сонымен қатар жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйелері орнатылған. Жүріп-тұруы шектеулі азаматтардың жайлы сапар шегуі үшін де арнайы жағдайлар қарастырылған.

Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында пойыз құрамына буфет вагондары енгізілген. Мұнда жолаушылар ыстық тағамдар, сусындар мен жеңіл тағамдар сатып ала алады.
Жолаушылар вагондары паркін кезең-кезеңімен жаңарту теміржол тасымалының жайлылығын арттыруға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және азаматтар үшін заманауи сапар жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған.