Айдарбек Қожаназаров Қызылорда облысының тұрғындарымен Президент Жолдауында белгіленген міндеттердің іске асырылуын талқылады
2026 жылғы 5 қарашада Қызылорда облысында республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының еңбек ұжымдарымен, кәсіпкерлермен және өңір тұрғындарымен кездесулері өтті. Жұмыс сапарына Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, Respublica партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров қатысты.
Кездесулердің негізгі тақырыбы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған басым бағыттарды түсіндіру болды. Президент Жолдауында экономиканы дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау жөніндегі маңызды міндеттерді айқындаған болатын.
Жұмыс тобының құрамында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов, Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Мейрамбек Жұмашев және облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Мақсұт Нәлібаев болды.

Жұмыс сапары «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ (ҚЭТТК) еңбек ұжымымен кездесуден басталды. Жиында энергетика саласын дамыту, электр желілерін жаңғырту, энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыру және білікті мамандар даярлау мәселелері талқыланды.
Жолдаудың негізгі бағыттарын түсіндіру барысында Қазақстанда жыл сайын шамамен 123 млрд кВт·сағ электр энергиясы өндірілетіні, алайда электр энергиясының тапшылығын импорт есебінен жабу қажеттілігі әлі де сақталып отырғаны атап өтілді. Президент 2029 жылға қарай елімізде электр энергиясының тұрақты профицитін қамтамасыз ету міндетін қойды. Бұл мақсатқа жету үшін жаңа генерациялық қуаттарды іске қосумен қатар, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту да қажет.

Кездесуде энергетика саласы қызметкерлерінің еңбегіне ерекше назар аударылды. Өйткені кәсіпорындар мен халықты электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету осы сала мамандарының кәсібилігі мен күнделікті еңбегіне тікелей байланысты.
Келесі кездесу «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында өтті. Оған шағын және орта бизнес, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету салаларының өкілдері қатысты.
Жиында салық саясатын жетілдіру, әкімшілік жүктемені азайту, кәсіпкерлердің ұзақ мерзімді қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту және отандық кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алуларға қатысу мүмкіндіктерін арттыру мәселелері талқыланды.
Айдарбек Қожаназаров Мемлекет басшысының 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге жаңа үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыру жөніндегі бастамасына тоқталды. Сонымен қатар экономиканың нақты секторын инвестициялық несиелеуді кеңейтудің маңыздылығы атап өтілді.

«Бүгінде кәсіпкерлерге ең алдымен тұрақты әрі түсінікті жұмыс ережелері қажет. Президент өз Жолдауында әкімшілік қысымды азайту, салықтық реттеуді жетілдіру және бизнестің ұзақ мерзімді қаржыландыруға қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер қойды. Біздің депутаттар ретіндегі міндетіміз – осы бастамаларды іске асыру үшін қажетті заңнамалық негіз қалыптастыру. Бұл ретте қабылданатын шешімдердің кәсіпкерлердің, соның ішінде өңірлердегі бизнес өкілдерінің нақты қажеттіліктерін ескеруі маңызды», – деді Айдарбек Қожаназаров.
Кездесуде Президент ұсынған ауқымды «Халықтық құрылыс» бағдарламасына да ерекше назар аударылды. 2029 жылдың соңына дейін әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр.
Қатысушылар алдағы инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстарының өңір экономикасы үшін маңызын талқылады. Атап айтқанда, қазақстандық кәсіпорындарды жобаларды іске асыруға тарту, жергілікті өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндіктеріне назар аударылды.

Жұмыс сапарының қорытынды кездесуі Шиелі ауданында өтті. Республикалық жұмыс тобының өкілдері аудандық «Арман» мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен жүздесті.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауында қамтылған елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жаңарту, кәсіпкерлікті қолдау және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға қатысты негізгі бағыттар түсіндірілді.