Ақтөбе – Қандыағаш тасжолында жеңіл көліктер үшін де жол жүру ақысы енгізіледі
Қазақстанда «Ақтөбе – Қандыағаш» автомобиль жолының қайта жаңғыртылған бөлігі ақылы жолдар жүйесіне қосылады. Жаңа тәртіпке сәйкес, жолдың 11-шақырымынан 87-шақырымына дейінгі аралықта жеңіл автомобильдерді қоса алғанда, барлық көлік түрінен жол жүру ақысы алынады.
Көлік министрлігінің мәліметінше, «Ақтөбе – Қандыағаш» автожолының 11-шақырымнан 100-шақырымға дейінгі бөлігі қолданыстағы «Қандыағаш – Мақат» ақылы жолының құрамына енгізіледі.
Жол жүру ақысы автожолдың учаскелеріне және көлік құралдарының санатына байланысты әртүрлі белгіленеді.
Атап айтқанда, 11-шақырымнан 87-шақырымға дейінгі аралықта жеңіл автомобильдер, автобустар және жүк көліктері үшін жол жүру ақылы болады.
Ал 87-шақырымнан 100-шақырымға дейінгі учаскеде, сондай-ақ «Қандыағаш – Мақат» автожолының қалған бөлігінде ақы тек автобустар мен жүк автомобильдерінен алынады. Бұл бөліктерде жеңіл көліктердің жүруі тегін болып қалады.
Жол жүру құны жүріп өткен қашықтыққа, көлік құралының санатына, жүк көтергіштігіне және төлем жасау тәсіліне қарай есептеледі.
Сонымен қатар ақылы жолға іргелес орналасқан аудандардың тұрғындары үшін жеңілдетілген абонементтер қарастырылған.
Жергілікті тұрғындардың жеңіл автомобильдеріне арналған жылдық абонемент құны бір айлық есептік көрсеткішті (1 АЕК) құрайды.
Ал жергілікті автобустар мен жүк автомобильдері үшін көлік санатына байланысты айлық абонемент бағасы 1–5 АЕК аралығында белгіленеді. Жылдық абонемент құны 12–60 АЕК болады.
Көлік министрлігінің мәліметінше, ақылы жолдардан жиналған қаражат толығымен жол инфрақұрылымын күтіп ұстауға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге және арнайы техника сатып алуға бағытталады.
Жаңа тәртіпті енгізу үшін Қазақстан Республикасы Көлік министрінің тиісті бұйрығына өзгерістер енгізілді.
Өзгерістер құжат алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Осылайша, «Ақтөбе – Қандыағаш» автожолының бір бөлігінде жеңіл автомобильдер үшін де ақы алу тәртібі енгізіліп, жергілікті тұрғындарға жеңілдетілген абонементтер ұсынылады.