Baitursynuly University студенттері егістіктегі өсімдік ауруларын анықтайтын ЖИ жүйесін ұсынды
Фото: Gov.kz
Baitursynuly University студенттері ауыл шаруашылығы дақылдарының жай-күйін бақылауға және өсімдік ауруларының белгілерін анықтауға арналған жасанды интеллект негізіндегі жобаны таныстырды.
Әзірлеме агроөнеркәсіптік кешенде жасанды интеллект пен ұшқышсыз технологияларды қолдану мүмкіндіктерін көрсетеді.
AI-Sana көрмесінде университет білім беру, мәдениет және агроөнеркәсіптік кешен салаларында жасанды интеллектіні қолдануға бағытталған бес студенттік жобаны ұсынды.

Фото: Gov.kz
Соның бірі – «Ақпараттық технологиялар және робототехника» білім беру бағдарламасының төртінші курс студенттері Данил Руш пен Жәңгір Сәтмырза әзірлеген өсімдік ауруларын анықтайтын интеллектуалды жүйе.
Жүйе ауыл шаруашылығы дақылдарындағы ауру белгілерін ерте кезеңде анықтауға және ерекше назар аударуды қажет ететін алқап учаскелерін белгілеуге арналған.
Талдау үшін өсімдіктердің суреттері пайдаланылады. Оларды тікелей егіс алқабында түсіруге немесе ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен алуға болады.
Дрондарды қолдану үлкен аумақтағы ауыл шаруашылығы алқаптарын жедел тексеріп, қажетті деректерді жинауға мүмкіндік береді.
Жиналған суреттерді жасанды интеллект моделі талдайды.

Фото: Gov.kz
Жүйе ауруларға тән белгілерді анықтап, проблемалы учаскелерді белгілеуге көмектеседі.
Талдау нәтижелері негізінде әзірлеме емдеу тәсілдерін ұсынып, қажетті препараттарды таңдауға және өсімдіктерді қорғау құралдарын сататын компаниялар мен жеткізушілерді табуға мүмкіндік береді.
Осылайша, жоба егіс алқаптарын қашықтан бақылаудан бастап, ықтимал ауруларды анықтау және әрі қарайғы іс-қимылдарға қатысты ұсыным беруге дейінгі бірнеше кезеңді біріктіреді.
Бұл талдау нәтижелерін егістікті өңдеуді жоспарлау және агротехнологиялық шешімдер қабылдау кезінде пайдалануға жол ашады.
Жоба ауыл шаруашылығы дамыған өңірлер үшін ерекше өзекті.
Мұндай аймақтарда кең аумақтағы егіс алқаптарының жай-күйін уақтылы тексеру маңызды.
Ұшқышсыз технологиялар мен жасанды интеллектті ұштастыру дәлме-дәл егіншілікке көшуге мүмкіндік береді.

Фото: Gov.kz
Бұл тәсіл ресурстарды ең алдымен мәселе белгілері анықталған учаскелерге бағыттауға негізделген.
Болашақта мұндай шешімдер өнім шығынын азайтуға, өсімдіктерді қорғау құралдарын тиімді пайдалануға және ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттыруға ықпал етуі мүмкін.
Baitursynuly University студенттерінің жобасы университеттік әзірлемелердің агроөнеркәсіптік кешеннің практикалық міндеттерін шешудегі және ауыл шаруашылығына цифрлық технологияларды енгізудегі әлеуетін көрсетеді.