Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері саласында алғаш рет бес кәсіби стандарттың жобасы дайындалды. Құжаттар күн және жел энергетикасы, сондай-ақ жасыл сутек өндірісі бағытында жұмыс істейтін мамандардың біліктілігіне қойылатын талаптарды айқындайды.

Бұл мәселе 29 қазанда Энергетика министрлігінің жаңартылатын энергия көздері саласындағы Кәсіптік біліктіліктер жөніндегі салалық кеңесінің отырысында қаралды.

Министрліктің мәліметінше, жаңа стандарттарды әзірлеу барысында саланың технологиялық ерекшеліктеріне, өндірістік үдерістеріне және еңбек нарығындағы мамандарға деген сұранысқа талдау жүргізілген.

Соның нәтижесінде жаңартылатын энергетика саласына қажетті кәсіптердің атаулары анықталып, бес кәсіби стандарттың жобасы әзірленді.

Құжаттар күн және жел электр станцияларын жобалау, салу, пайдалануға беру, пайдалану және техникалық қызмет көрсету жұмыстарын атқаратын мамандарға арналған. Сонымен қатар жасыл сутекті электрохимиялық әдіспен өндіру саласындағы қызметкерлердің біліктілік талаптары да қамтылған.

Кәсіби стандарттарды әзірлеу Премьер-министр Олжас Бектеновтің жасанды интеллект компоненттері мен цифрлық құзыреттерді қамтитын 100 кәсіби стандартты әзірлеу және бекіту жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізіліп жатыр.

Осыған байланысты жаңа құжаттарда энергетика саласын цифрлық трансформациялау мәселелеріне ерекше назар аударылған.

Атап айтқанда, мамандардың цифрлық мониторинг жүйелерімен жұмыс істеуі, автоматтандырылған басқару технологияларын қолдануы, өндірістік деректерді талдауы және жасанды интеллект құралдарын пайдалануы бойынша талаптар қарастырылған.

Кеңес отырысында 2027–2029 жылдарға арналған жаңартылатын энергия көздері саласындағы біліктіліктер мен дағдылар жүйесін дамыту жөніндегі салалық жоспар да талқыланды.

Аталған құжат еңбек нарығының болашақ қажеттіліктерін ескере отырып, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға және жаңа технологияларды меңгерген кадрларды даярлауға бағытталған.

Алдағы уақытта әзірленген бес кәсіби стандарттың жобасын қоғамдық талқылауға шығару жоспарланып отыр.

Ол үшін құжаттар «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталына орналастырылмақ.

Жаңа стандарттар жаңартылатын энергетика саласындағы мамандарға қойылатын талаптарды жүйелеуге, кадр даярлау сапасын арттыруға және энергетика өндірісіне заманауи цифрлық технологияларды енгізуге негіз болмақ.