Астананың Сарыарқа ауданында жастардың қатысуымен заңсыз граффитилерді өшіруге бағытталған акция өтті. Іс-шараны «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы аудан әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Акцияның негізгі мақсаты – қаладағы тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау, вандализмнің алдын алу және елорданың көрікті келбетін қалыптастыру.

Іс-шара барысында еріктілер ғимараттардың қасбеттері мен қалалық инфрақұрылым нысандарына рұқсатсыз салынған суреттер мен жазуларды өшірді. Бастамаға елордалық оқу орындарының оқушылары мен студенттері, сондай-ақ театр және кино актері Асылбек Әйтіш қатысты.

Фото: Gov.kz

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба тек заңсыз жазуларды өшірумен шектелмейді. Оның аясында балалар ойын алаңдарын жөндеу жұмыстары да қарастырылған.

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының қызметкері Камилла Мұқатаева елордалық жастардың мұндай қоғамдық бастамаларға белсенді қатысатынын атап өтті.

– Біздің жастар қалалық және республикалық деңгейдегі түрлі іс-шараға қатысады. Оларды әлеуметтік желілер арқылы және таныстар арқылы шақырамыз. Көбіне өздері келіп, осындай пайдалы акцияларға атсалысуға ниет білдіреді, – деді Камилла Мұқатаева.

Оның айтуынша, рұқсатсыз салынған граффитилер көбіне балалар мен скейт алаңдарында, қараусыз қалған нысандарда, ескі ғимараттарда және көпірлердің астында кездеседі.

Фото: Gov.kz

Қала тұрғындары мұндай заңсыз жазулар туралы аудан әкімдіктеріне хабарлай алады. Ол үшін 2GIS сервисін де пайдалануға болады.

Тұрғындардың өтініштері қабылданып, өңделгеннен кейін әкімдік өкілдері жастар ресурстық орталығына тексерілуі қажет нысандардың мекенжайларын жолдайды.

Камилла Мұқатаева вандализмге қарсы іс-шараларға танымал тұлғаларды тартудың маңызын да түсіндірді.

– Танымал тұлғалардың қатысуы іс-шараларымыздың ауқымын кеңейтіп, акцияларға деген қызығушылықты арттырады деп сенеміз. Осылайша белсенді жастардың қатарын көбейтіп, оларды ортақ бастамаларға көбірек тарта аламыз, – деді ол.

Ұйымдастырушылар мұндай акциялар арқылы тұрғындардың қоғамдық кеңістіктерге жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруды және жастарды қаланы абаттандыру жұмыстарына кеңінен тартуды көздеп отыр.

Еріктілердің бастамасы елордадағы тазалықты сақтауға, қоғамдық орындардың келбетін жақсартуға және вандализмге қарсы мәдениетті дамытуға бағытталған.