Қазақстанда ғылымға жасанды интеллектіні енгізудің жаңа экожүйесі талқыланды
2026 жылғы 17 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында «Qazaqstan AI for Science» алғашқы ашық тұжырымдау сессиясы өтті.
Іс-шара толық ғылыми циклді ұйымдастырудың жаңа парадигмасын қалыптастыруға және жасанды интеллектіні ғылыми ізденістің барлық кезеңіне жүйелі түрде енгізу мәселелерін талқылауға арналды.
Сессияға бейінді мемлекеттік органдардың өкілдері, ҚР ҰҒА академиктері, отандық және шетелдік ғалымдар, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының, ұлттық компаниялар мен технологиялық бизнес өкілдері қатысты.

Халықаралық сарапшылар қатарында Қытай ғылым академиясының академигі, ҚР ҰҒА шетелдік мүшесі, CBAS бас директоры Гуо Хуадун және Чжэцзян технологиялық университетінің профессоры Чэнь Си болды.

Сессия қатысушыларына Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау сөзі жеткізілді. Онда жасанды интеллект әлемдік ғылымның даму бағытын өзгертіп отырғаны және Қазақстанның осы үдеріске белсенді қатысуы маңызды екені атап өтілді.
Сондай-ақ «Qazaqstan AI for Science» бастамасының негізгі міндеттерінің бірі ғалымдарға қажетті деректерге, есептеу қуаттарына, цифрлық құралдар мен жасанды интеллект технологияларына қолжетімділікті қамтамасыз ететін заманауи ғылыми орта қалыптастыру екені айтылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев жасанды интеллект ғылыми зерттеу құралдарын ғана емес, қазіргі ғылыми ізденістің логикасын да өзгертіп отырғанын атап өтті.
– Жасанды интеллект ақпаратты өңдеу жылдамдығын ғана өзгертпейді. Ол зерттеудің өзіндік логикасын өзгертеді: ауқымды деректер массивтеріндегі байланыстарды көруге, балама гипотезаларды қалыптастыруға, қайшылықтарды анықтауға және оңтайлы экспериментті таңдауға көмектеседі. Алайда машинаның нанымды жауабы өздігінен ғылыми факт болып саналмайды. Алынған нәтиженің сенімділігі қайта жаңғыртылатын есептеулермен, физикалық экспериментпен, тәуелсіз тексерумен және зерттеушінің, яғни ғалымның жауапкершілігімен қамтамасыз етіледі.

Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, ұсынылып отырған модель адамның, жасанды интеллектінің және эксперименттік ғылымның мүмкіндіктерін өзара байланысқан біртұтас циклге біріктіруге тиіс.
– Ұсынылып отырған экожүйе қарапайым қағидатқа негізделеді: адам зерттеудің мәнін, мақсаты мен шектеулерін айқындайды; жасанды интеллект ізденіс аясын кеңейтеді; ал эксперимент пен тәуелсіз валидация нәтижені растайды. Осындай өзара сабақтастық ғылыми жұмыстың жаңа мәдениетінің негізіне айналуға тиіс.
«Qazaqstan AI for Science» міндеттерді, деректерді, модельдерді, құзыреттерді, есептеу ресурстарын, зертханалар мен нәтижелер мониторингін өзара байланыстыратын үлестірілген ғылыми-технологиялық экожүйе ретінде қалыптастыру ұсынылды.
Бастаманың негізгі мақсаты – ғылыми мәселені айқындау мен гипотеза қалыптастырудан бастап, эксперимент жүргізу, тәуелсіз валидация, нәтижені енгізу және оның тиімділігін бағалауға дейінгі толық ғылыми циклді бір жүйеге біріктіру.
ҰҒА президенті жаңа экожүйені қалыптастырудағы Ұлттық ғылым академиясының рөліне де тоқталды.
– Ұлттық ғылым академиясының айрықша рөлі – осы жүйенің ғылыми логикасын қалыптастыру: әдіснаманы әзірлеу, құзыреттерді біріктіру, еліміздің қолда бар ғылыми-технологиялық әлеуетін бағалау және тәуелсіз валидацияны ұйымдастыру. Академия мемлекеттік органдардың, университеттердің, салалардың немесе цифрлық инфрақұрылым иелерінің функцияларын алмастырмайды. Біздің міндетіміз – олардың мүмкіндіктерін ортақ нәтижеге тоғыстыратын сенімді ғылыми алаң қалыптастыру.
Сессия барысында халықаралық тәжірибе, сондай-ақ кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект, су ресурстары, Smart City, медициналық аналитика, робототехника және өнеркәсіп салаларындағы қазақстандық әзірлемелер таныстырылды.

Ақылбек Күрішбаевтың сөзінше, бұл әзірлемелерді бір-бірінен бөлек жобалардың жиынтығы ретінде емес, болашақтағы өзара байланысқан ғылыми-технологиялық жүйенің құрамдас бөліктері ретінде қарастыру маңызды.
Іс-шара аясында ғылыми әзірлемелер мен инновациялық технологиялар көрмесі де ұйымдастырылды. Көрмеде отандық зерттеулердің нәтижелері, дайын ғылыми-техникалық өнімдер және жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы әзірленген перспективалық шешімдер ұсынылды.
Жасанды интеллектіні өнеркәсіпте, медицинада, су ресурстарын басқаруда, қалалық ортаның орнықты дамуында және робототехникада практикалық қолдануға ерекше назар аударылды.
Бастаманы одан әрі іске асыру аясында толық ғылыми маршрутты сынақтан өткізуге арналған алғашқы пилоттық міндеттер айқындалды.
Ұсынылған модель ғылыми жұмыстың барлық кезеңін «мәселе – гипотеза – жоспар – іске асыру – валидация – енгізу – нәтижеге мониторинг жүргізу – жаңа цикл» қағидаты бойынша өзара байланыстыруды көздейді.
Сессия қорытындысында адамды, жасанды интеллектіні, эксперимент пен тәуелсіз валидацияны біртұтас циклге біріктіретін ғылыми ізденістің жаңа парадигмасы айқындалды.
Қазақстанда оны іске асыруға қажетті ғылыми-технологиялық әлеует бар. Бұл қатарға зерттеу ұжымдары, деректер, зертханалар, есептеу инфрақұрылымы және халықаралық серіктестер кіреді.
Ендігі негізгі міндет – осы мүмкіндіктерді «Qazaqstan AI for Science» экожүйесі аясында өзара байланыстыру.
Алдағы жұмыс деректер мен модельдерге қойылатын бірыңғай талаптарды қалыптастыруға, ұлттық ғылыми-технологиялық әлеуетті түгендеуге, қорғалған технологиялық архитектура құруға және пилоттық міндеттерді іске қосуға бағытталады.
Ұлттық ғылым академиясы зерттеулердің сапасын, нәтижелердің қайта жаңғыртылуын және олардың ел мүддесіне сай практикалық қолданылу тиімділігін арттыру мақсатында бұл жұмысты ғылыми-әдістемелік және форсайт-талдамалық тұрғыдан сүйемелдейді. Сондай-ақ тәуелсіз ғылыми валидацияны қамтамасыз етеді.

«Qazaqstan AI for Science» бастамасы ғылымды, жасанды интеллектіні және экспериментті біртұтас жүйеге біріктіруге арналған. Ол ғылыми нәтижелердің сенімділігі мен қайта жаңғыртылуын арттыруға, сондай-ақ оларды Қазақстанның нақты әлеуметтік-экономикалық және технологиялық міндеттерін шешуге бағыттауға мүмкіндік береді.