Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Тең жағдайдағы ядролық диалог: жастардың атом саласына қадам басуы» атты Ұлттық жастар форумы өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты.

Студенттермен ашық диалог барысында атом саласын дамытудың перспективалары, отандық кадрларды даярлау, жаңа кәсіби бағыттар, атом электр станцияларын салу, сондай-ақ қауіпсіздік пен экология мәселелері талқыланды.

Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, алдағы 10–15 жылда Қазақстанға АЭС-те жұмыс істейтін мамандар ғана емес, заманауи ұлттық атом мектебін қалыптастыра алатын инженерлер, ғалымдар, оқытушылар мен басшылар қажет болады.

– Біз қазақстандық жас маманды АЭС қызметкері ретінде ғана емес, елдің бүкіл атом саласын дамытуға атсалыса алатын кәсіби маман ретінде көргіміз келеді.

Қазір атом саласына мамандар даярлау отандық жетекші жоғары оқу орындарында энергетика, физика, инженерлік іс және тау-кен ісі бағыттары бойынша жүргізіледі. 2000 жылдан бері тиісті білім беру бағдарламалары бойынша шамамен 4,5 мың маман даярланған.

Студенттердің практикалық даярлығына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы мен Ядролық физика институты студенттерге практикадан және тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.

Соңғы он жылда Ядролық физика институтының Астана филиалында ЕҰУ-дың 500-ден астам студенті тағылымдамадан өткен. Бүгінде университеттің 100-ден астам түлегі Ядролық физика институтының Астана филиалында, агенттікте және басқа да бейінді ұйымдарда еңбек етіп жүр.

Агенттік төрағасы жастарға арналған халықаралық білім беру мүмкіндіктеріне де тоқталды. Студенттер Ядролық зерттеулер жөніндегі бірлескен институтпен бірлескен бағдарламаларға қатыса алады, Цинхуа университетіндегі TUNEM халықаралық магистрлік бағдарламасы бойынша білім ала алады, сондай-ақ Atomic Energy Scholarship стипендияларына үміткер бола алады.

Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы аясында атом саласының қызметкерлеріне әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алу және тағылымдамадан өту үшін жыл сайын 20 стипендия бөлінеді.

Кездесуде атом энергетикасының дамуына байланысты сұранысқа ие болатын жаңа мамандықтар да талқыланды. Жабдықтарды пайдалану және жөндеу, ядролық және радиациялық қауіпсіздік саласындағы мамандармен қатар, салаға цифрлық технологиялар, робототехника, деректерді талдау, киберқауіпсіздік және экологиялық мониторинг бағыттарындағы кадрлар қажет болады.

АЭС құрылысының өңірлердің дамуына ықпалы да назардан тыс қалған жоқ. Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Үлкен ауылы маңындағы жобаларды тек энергетикалық нысандар ретінде ғана емес, аумақты кешенді дамытуға ықпал ететін фактор ретінде қарастыру қажет.

Құрылыс кезеңінде 10 мыңнан астам маман қажет болады. Жобаларды іске асыру тұрғын үйге, көлікке, логистикаға, құрылыс материалдарына, қызметтерге және отандық бизнес өнімдеріне қосымша сұраныс қалыптастырады.

Қауіпсіздік пен экология мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Агенттік басшысы қауіпсіздік атом жобасын іске асырудың барлық кезеңіндегі басты шарт екенін атап өтті. Бұл талап технологияны таңдаудан бастап станцияны пайдалануға дейін сақталуы тиіс.

Заманауи АЭС қорғаныстың бірнеше тәуелсіз деңгейін және радиациялық бақылаудың тұрақты жүйелерін қарастырады. Сондай-ақ мұндай нысандар ұлттық талаптар мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің стандарттарына сәйкес болуы керек.

АЭС-тің Балқаш көліне ықпалы туралы сұрақтарға жауап берген Алмасадам Сәтқалиев энергоблоктарды салқындату үшін суды тұйық циклде бірнеше рет пайдалану көзделгенін айтты. Оның сөзінше, мұндай тәсіл су ресурстарын тұтынуды барынша азайтып, пайдаланылған судың тікелей су айдынына төгілуіне жол бермейді.

Кездесуді қорытындылаған агенттік төрағасы студенттерді білімдерін үнемі жетілдіруге және жаңа технологияларды меңгеруге шақырды. Оның айтуынша, болашақтың негізгі дағдыларының бірі – үздіксіз білім алу.

Ал ядролық физика саласындағы іргелі білімді бағдарламалау, жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау салаларындағы құзыреттермен ұштастыра алатын мамандар ерекше сұранысқа ие болады.

– Бүгінгі студенттерге жаңа салада жай ғана жұмыс істеу емес, оны қалыптастыруға тікелей қатысу міндеті тұр.