​Санжар Сұлтанғазы жас ақын, журналист ҚР Журналистер одағының мүшесі. Жетісу облысы Алакөл ауданында дүниеге келген. Апа, сен болмасаң…» поэзиялық кітаптың авторы.

Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?

– Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?

– Бәрі тозған, әлі де тозары анық.

Әлі ауылды көресің, көркейтеді

деген мендік көңілде боз ала үміт.

Ауылда қалған қайда,

Жеңгем де өзі қаланы армандайды, ә?

Әжеммен шәйдеспеген әжелер мен,

Атаммен дәмдес болған шалдар қайда?

Қала мұнаралы,

Көгіндегі көк туы – тұман әні.

Көк түтіннен қашқанда, қоңыр жолдан,

Көк күшігім қарсы алып шыға ма әлі?

Ұнайтын ауылымның кеші маған;

Еркелеткен жалғызын есіл анам.

Егін салып ентіккен еңкіш шал мен

Еміренген кемпірді есіме алам.

Жел сыбызғы ойнаған қалқадан кеп,

Сарғайтып, күні де өткен арқадан көп.

Сағат санап, сан қойды санап жүр ме,

Саптамамен сары ұлдар сар табан боп.

Қарттары жоқ, кімдермен кеңесеміз,

Онсыз-ақ ақылдымыз немесе біз.

Жылдан жылға жиделер жүз түп артып,

Қалың тоғай сиреді демесеңіз.

– Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?

– Бәрі тозған, әлі де тозары анық.

…Сүйкімсіз Сұлтан қаптап сан ауылға,

Ойнамайды төсінде Қожа нағып…

 

КӨКЕ, АУЫЛҒА ҚАЙТАЙЫҚ…

Көке, ауылға қайтайық биыл енді,

Биыл ауыл қарттарын жиі көмді.

Сиыр өлді, қара атың қалып қырда,

Ескі қосың өзгенің үйі болды.

Ол да кетіп, тағы да алмасады ел,

Тіршілік қой, қайтеді, жалғасады ол.

Сары уайымға салынбас едім ғой мен,

Сағыныштан өзгесі қалмаса егер.

Сағыныштан өзгесі бос ой демек.

Бала шақ та айтпады есейме деп.

Қарғыс сынды қаладан қажығанда,

Қарғам-ау деп қоятын шешей де жоқ.

Қаймақ қандай тәтті еді, қаспақ неткен.

Құрбы ұялып сүйдірмей қашпақ беттен.

Ойдым жолға түсіп ап орағытқан,

О, неғылған жүрек бұл тас боп кеткен?

Тас боп кеткен жүректі ая, құдай,

Қайда барсам жанға мұң таяды ұдай.

Итсің десем өкпелеп қаласың, рас,

Мен өкпелеп көрмеп ме ем, әй, өмір-ай.

****

Алғаш болып көргеннен-ақ көркіңді,

Аспанға аттым қуанғаннан бөркімді.

Мені өзіңнің махаббаттың тірілтіп,

Менің өзіңнің махаббаттың өлтірді.

Сүйген едім.

Ал ол болса сан түрлі,

Жүрегіңді сезіміммен толтырды.

Сені өзімнің махаббатым тірілтіп,

Сені өзімнің махаббатым өлтірді.

 

МУЗА

Сен менің Мәдениетімсің:

Мазмұным,

Құрылымым,

Ұғымым да!

Сен менің Әдебиетімсің:

Трагедиям,

Лирикам,

Тұнығым да!..

*   *   *

Жүректегі жалын атқан көзімсің,

Кеудемдегі мәңгі өлмейтін сезімсің.

Жарым болып қалатын да өзіңсің,

Жанымды алып қалатын да  өзіңсің…

Ғашықпын мен, күйде жүрмін бақ қонар,

Жүрегімде сезім де бар, от та бар,

Бәрі маған қара күйе жаққанда,

Ақтап ал.

****

Менің тағдырым екен шыдай алмаған.

Сенің жаңбырың екен жылай алмаған.

Менің жолдарым екен тықсырып қалған.

Сенің қолдарың екен сұп-суық болған.

Сенің тілегің екем сағынып күткен,

Менің жүрегім екен ауырып біткен.

Менің Тәңірім екен таба алмай қалған,

Сенің жарығың екен жана алмай қалған.

Сенің жанарың екен жасырмай күлген,

Менің қабағым екен ашылмай жүрген…

*  *   *

Салқын кештер сезімдерге қорған боп,

Екеумізбен мұңданған-ды талай бақ.

Бүгін сенсіз?.. Ештеңе де болған жоқ,

Бәрі әйбат.

Солған да жоқ жаралы жан — жарты гүл,

Арпалысып, алысқам жоқ от күнмен.

Сүймейсің бе деп сұрайсың…Ол түгіл,

Сағынған да жоқпын мен.

Есіміңді жүрегімде жоқ қылып,

Өшіргенмін өткенде.

Хат жазбаймын, сөнген кеше отты үміт,

…Нөмірің де жоқ менде.

Сүю деген келген емес әзірге ой,

Жыла мейлі, өкіріп….

Айтқанымның бәрі де рас,

Әзіл ғой!

Сүйем сені…Өтірік…