Астанада 2026-2027 жылдардағы күзгі-қысқы эпидемиялық маусымға медициналық ұйымдарды дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Негізгі назар тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялардың алдын алуға, аурушаңдықтың маусымдық өсуі кезінде емханалар мен стационарлардың дайындығын қамтамасыз етуге және тұрғындарға медициналық көмекті уақтылы көрсетуге бағытталған.

Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері бекіткен санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар кешеніне сәйкес, 15 қыркүйектен бастап елімізде тұмауға қарсы вакцинация басталады.

Ең алдымен вакцинация тәуекел топтарына жататын азаматтарды қамтиды. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, созылмалы аурулары бойынша диспансерлік есепте тұрған адамдар, балалар, мектеп оқушылары, жүкті әйелдер, егде жастағы азаматтар, сондай-ақ жабық үлгідегі мекемелерде және әлеуметтік қорғау жүйесінің ұйымдарында тұратын адамдар бар.

Елордадағы медициналық ұйымдар аурушаңдықтың маусымдық өсуіне дайындалып жатыр. Емханаларда ЖРВИ белгілері бар пациенттерді қабылдайтын сүзгі кабинеттері мен шұғыл көмек кабинеттері жұмыс істейді. Мұнда тұрғындар медициналық тексеруден өтіп, қажетті көмек ала алады.

Сүзгі кабинеттері мен шұғыл көмек кабинеттері жұмыс күндері сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері сағат 08:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.

Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында пациенттерге үй жағдайында медициналық көмек көрсететін мобильді бригадалар қызмет етеді. ЖРВИ, тұмау белгілері және ықтимал асқынулары бар жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларға ерекше назар аударылады.

Стационарлар да ауруханаға жатқызылатын пациенттер санының ықтимал өсуіне дайындалуда. Қосымша инфекциялық төсек-орындарды орналастыру жоспарлары әзірленіп, дәрілік заттардың қажетті қоры қарастырылған. Сондай-ақ төсек-орын қорының толымдылығына тұрақты мониторинг жүргізіледі.

Инфекциялық және реанимациялық төсек-орындардың жүктемесі белгіленген деңгейге жеткен жағдайда қосымша орындар ашу көзделген.

Білім беру ұйымдары үшін де жеке профилактикалық шаралар қарастырылған. Мектептер мен балабақшаларда күнделікті сабаққа қатысу мониторингі және таңертеңгі сүзгі жүргізіледі. Ауырған балалар анықталған жағдайда олармен байланыста болған балалар медициналық бақылауға алынады.

Бір сынып оқушыларының 30%-ы және одан да көп бөлігі ауырған жағдайда, сыныпты қашықтықтан оқыту форматына ауыстыру қарастырылады.

Медициналық ұйымдардың эпидемиялық маусымға дайындығы санитариялық-эпидемиологиялық қызмет тарапынан 10 қыркүйекке дейін бағаланады. ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша аурушаңдыққа мониторинг жүргізіліп, маусымдық өсу кезеңінде бақылау күшейтіледі.

Дәрігерлер елорда тұрғындарын негізгі профилактикалық шараларды сақтауға шақырады. Атап айтқанда, адамдар көп жиналатын орындарда бетперде тағу, қолды үнемі жуу, бөлмелерді желдету және аурушаңдықтың өсу кезеңінде адам көп шоғырланатын орындарға баруды мүмкіндігінше шектеу ұсынылады.

Аурудың алғашқы белгілері, яғни дене қызуының көтерілуі, жөтел, тамақтың ауыруы, мұрыннан су ағу және жалпы әлсіздік байқалған жағдайда, өздігінен ем қабылдауға болмайды. Мұндай кезде тұрғылықты жері бойынша емханаға немесе сүзгі кабинетіне уақтылы жүгіну қажет.