Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында балаларды қорғау және олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау мемлекет саясатындағы негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті.

Оның айтуынша, ЮНИСЕФ Қазақстанды осы салада Орталық Азия елдеріне ғана емес, Еуропадағы бірқатар мемлекетке де үлгі бола алатынын мәлімдеген.

Президент «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 2024 жылдан бері 7 миллионға жуық баланың есепшотына қаражат аударылғанын жеткізді: 2024 жылы – 695,5 миллион доллар, 2025 жылы – 888,8 миллион доллар, 2026 жылы – 901,7 миллион доллар.

Фото: akorda.kz

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ақпараттың шамадан тыс көбеюі жас ұрпаққа кері әсерін тигізе бастағанын атап өтті. Оның айтуынша, әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар, жасанды интеллект пен агрессивті маркетинг балалар дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейді.

«Өскелең ұрпақтың психологиялық саулығы мен эмоциялық тұрақтылығы, адамгершілік тәрбиесі ұлттық қауіпсіздікке және елдің орнықты дамуына ықпал ететін маңызды факторға айналды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент 16 жасқа толмаған пайдаланушыларға әлеуметтік желіде тіркелуге тыйым салатын заң жобасын Құрылтайдың бірінші сессиясында қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ ол балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу тәжірибесін жаппай таратуды тапсырды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы фаст-фудтың агрессивті жарнамасына назар аударды. Оның мәліметінше, дәрігерлердің бақылауында қант диабетіне шалдыққан 7 мыңға жуық бала бар. Президент Үкіметке балалардың саулығын ойлап, бұл мәселені мұқият зерделеуді тапсырды.

Фото: akorda.kz