Путин Трамптың «Бейбітшілік кеңесіне» 1 миллиард доллар беруге дайынмын деп айтты
Ресей АҚШ-тың бұрынғы әкімшілігі кезінен сақталған активтерден 1 миллиард долларды «Бейбітшілік кеңесіне» аударуға дайын. Ресей президенті Владимир Путин бұл туралы Ресей Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерімен өткен брифинг барысында мәлімдеді. Бұл жөнінде ‘‘Қазақпарат» агенттігі хабарлады.
— Қазірдің өзінде, тіпті «Бейбітшілік кеңесіне» қатысу және оның жұмысына араласу туралы түпкілікті шешім қабылдамас бұрын да, Ресейдің Палестина халқымен қалыптасқан ерекше қарым-қатынасын ескере отырып, бұрынғы АҚШ әкімшілігі кезеңінен бері бұғатта тұрған ресейлік активтерден 1 миллиард долларды осы «Бейбітшілік кеңесіне» аударуға болады деп есептеймін, — деді Владимир Путин.
Сонымен қатар, Ресей президенті Мәскеудің АҚШ-тағы активтерін пайдаланудың өзге де тетіктері талқыланып жатқанын айтты.
— Бұдан бөлек, АҚШ-та сақталған активтерімізден қалған қаражат Ресей мен Украина арасындағы бейбітшілік келісімі жасалғаннан кейін әскери қақтығыстар салдарынан зақымданған аумақтарды қалпына келтіруге бағытталуы мүмкін. Біз бұл мәселені АҚШ әкімшілігінің өкілдерімен талқылап жатырмыз. Осы жайттардың барлығын Палестина президенті Махмуд Аббаспен де талқылауды жоспарлап отырмын, — деп толықтырды ол.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Газа секторын қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру мақсатында «Бейбітшілік кеңесін» құрғанын жариялаған болатын. Сондай-ақ Ақ үй басшысы 22 қаңтар күні Давоста аталған кеңестің жарғысына қол қоятыны хабарланған.