Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөз сөйлеп, еліміздің даму саясатын, экономикасы мен қоғам өмірін, мәдени-cаяси жаңалықтарды сөз етті. «АЭС салуға қатысты референдум кезінде халқымыздың басым көпшілігі мені қолдады» деді мемлекет басшысы. Сонымен қатар қастерлі Тәуелсіздік ұғымының мән-маңызына тоқталды.

— Әлемдегі ахуал тым шиеленісіп тұрғанына қарамастан, біз елімізде күрделі әрі түбегейлі өзгерістерді жүзеге асырдық. 2022 жылғы конституциялық реформаға, одан кейін Атом электр станциясын салуға қатысты референдум кезінде халқымыздың басым көпшілігі мені қолдады. Мен әрбір шешімді елге қажеттігі тұрғысынан мұқият саралай отырып қабылдаймын. Азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты жұмыспен айналысу мен үшін бәрінен маңызды. Халықтың қамы, ұлттың, мемлекеттің мүддесі – мен үшін баға жетпес құндылық. Алдағы уақытта да елімізді дамытып, Тәуелсіздігімізді нығайта түсу жолында бар күш-жігерімді салып еңбек ете беремін. Осы орайда, стратегиялық бағдарымды үнемі қолдап келе жатқан барша халыққа және осы залда отырған еліміздің лайықты азаматтарына шын жүректен ризашылығымды білдіремін және зор алғысымды айтамын

Cонымен қатар мемлекет басшысы «аз ғана уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқарып, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның іргесін бірге қаладық» деді:

— Ұлттық құрылтай ел тарихында қалады. Біз аз ғана уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқардық. Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның іргесін бірге қаладық. Сіздер еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік және рухани болмысын өзгерту жолында зор еңбек еттіңіздер. Мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қостыңыздар. Алдағы уақытта да біз бірге ел игілігіне қызмет ете береміз деп сенемін. Бізді әлі де көп жұмыс күтіп тұр. Ұлт болашағын айқындайтын ең маңызды шаруалар енді басталды. Сондықтан қиындықтан жалтарып немесе табысқа тоқмейілсіп отыруға қақымыз жоқ, уақытымыз да жоқ. Бірлігімізді бекемдеп, білек сыбанып, іске кірісуіміз керек. Келесі Парламентіміз халқымыздың ұлттық санасында өзіндік орны бар ұғым, атына заты сай Құрылтай сөзімен аталса, мұны жақсы ырымға балауға болады деп сенемін, — деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.