2026 жылдан бастап «Қазақстан темір жолы» пойыздары мен Air Astana әуе компаниясының ұшақтарында спутниктік интернет іске қосылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Министрдің айтуына қарағанда, қазіргі таңда Қазақстанда спутниктік интернет қызметін ұсынатын үш оператор жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта нарыққа тағы екі шетелдік компания қосылады. Спутниктік интернетті енгізу бойынша пилоттық сынақтар 2026 жылы өтеді.

Сондай-ақ туристік аймақтар мен қолжетімі қиын өңірлерді интернетпен қамту мәселесі жергілікті атқарушы органдардың бюджеті есебінен жүзеге асырылмақ.

Бұдан бөлек, ел аумағындағы 40 мың шақырым автожолды мобильді байланыспен қамту жобасы басталды. Бұл жұмыс алдағы екі жыл ішінде толық аяқталады деп жоспарланған.

Қазіргі таңда 5G желісі Қазақстанның 20 қаласында іске қосылған. Алдағы кезеңде оның қамту аумағын 75 пайызға дейін кеңейту көзделіп отыр.

Министр елде 6 мыңнан астам ауыл бар екенін атап өтті. Соның 3 мыңнан астамы 2026 жылға дейін талшықты-оптикалық интернетке қосылады. Нәтижесінде халықтың 99 пайызы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады.

Сонымен қатар «Соңғы миль» жобасы аясында 400 мың үйге оптикалық желі тарту жоспарланған. Бұл тағы 2,5 миллион адамды интернетке қолжетімді етеді.