2026 жыл саяхатшылар үшін қызық оқиғаға толы туризм жылы болмақ. Дүниежүзіндегі миллиондаған саяхатшы үлкен спорт турнирлерін, музыкалық фестивальдерді, сән көрсетілімдері мен тарихи оқиғаларға бағытталған сапарға шыға алады. Әр жанға ерекше әсер сыйлап, туристердің сапарын естен кетпестей ететін әлемнің түкпір-түкпірінде болатын ауқымды іс-шаралардың топтамасын дайындадық.

Қысқы маусымның басты оқиғасы — Milano Cortina 2026 Қысқы Олимпиада ойындары. Биыл олимпиада 6–22 ақпан аралығында Италияның Милан, Кортина-д’Ампеццо және таулы аймақтарында өтеді. Байқауға 1 000-нан астам спортшы қатысып, 16 спорт түрі бойынша жарыс ұйымдастырылады. Олимпиада бағдарламасына алғаш рет таудағы альпинизм кірді. Қазақстандық жанкүйерлер 2025 жылы үздік нәтиже көрсеткен Михаил Шайдоровқа үміт артып отыр. Олимпиада тек спорт сүйер қауымды ғана емес, ең үздік спортшылардың ойынын тамашалауға құмартқан туристерге де қызық болмақ.

Ал жазда туристерге 2026 жылғы FIFA Әлем чемпионаты есте қаларлықтай әсер қалдырмақ. Турнир алғаш рет бірден үш елде АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. 48 ұлттық құрамадан құралған команда 104 матч өткізеді, финал Нью-Джерсидегі MetLife Stadium стадионында болады. Сарапшылар бұл чемпионат Лионель Месси мен Криштиану Роналду үшін ұлттық құрамадағы соңғы турнир болуы мүмкін деп болжады.

Еуропалық футбол жанкүйерлері UEFA Чемпиондар Лигасының финалына да дайындалып жатыр. Ол 30 мамырда Будапештегі «Ференц Пушкаш» стадионында өтеді. Турнир әрдайым әлемнің түкпір-түкпірінен келетін жанкүйерді жинайды, олар Еуропаның үздік клубтарын көруге ынтық. Билет бағасы бірнеше мың еуродан басталады.

Музыканың тыңдарманын 16 мамырда Венада өтетін мерейтойлық 70-ші «Евровидение» және 10–19 сәуірде Калифорниядағы Coachella фестивалі күтеді. Хедлайнерлер қатарында Sabrina Carpenter, Justin Bieber, Karol G, The Strokes, Young Thug және басқа да әлемдік жұлдыздар бар. Билет бағасы орынға байланысты 140–1 000 доллар аралығында.

АҚШ-та ерекше спорттық оқиға да болуы мүмкін: президент Дональд Трамп ел тәуелсіздігінің 250 жылдығы аясында Ақ үй аумағында UFC турнирін өткізуді ұсынды. Оңтүстік алаңға шамамен 5 мың көрермен сыяды, ал жанында тағы 85 мың адамға арналған фан-зона болады. Алаңға шығатын құрам мен билет бағасы әзірге белгісіз, бірақ қызығушылық өте жоғары.

Формула-1 маусымы наурызда Мельбурнде басталып, желтоқсанда Абу-Даби қаласында аяқталады. Турнир Монако, Ұлыбритания, Италия, Канада, АҚШ сияқты легендарлық кезеңдерді қамтиды. Жанкүйерлер Макс Ферстаппен, Льюис Хэмилтон, Шарль Леклер және басқа да үздік жарысшылар үшін жылдың үздік оқиғасын тамашалауға барады. Билет бағасы 100 доллардан басталып, VIP пакеттер үшін бірнеше мың долларға дейін жетеді.

Сарапшылар атағандай, 2026 жыл нағыз туризм жылы болады. Саяхатшылар спорт жарыстарына, музыкалық фестивальдер, сән көрсетілімдері мен басқа да маңызды оқиғаларға куә болып, естен кетпес саяхат өткізуге мүмкіндік алады.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай