Қазақстандық білім саласының өкілі, халықаралық білім беру жобаларының бастамашысы Ғабит Бекахметовтің жетекшілігімен Қазақстан мектептерінде оқитын қыз балалар үшін АҚШ-тағы беделді жекеменшік оқу орнында тегін білім алу мүмкіндігі іске қосылды. Жоба қазақстандық оқушылардың шетелде сапалы білім алуына жол ашуға бағытталған.

Аталған бастама ата-аналар мен оқушылардан түскен сұраныстарды ескере отырып жүзеге асырылған. Бұған дейін Ғабит Бекахметовтің бастамасымен жоба тек ер балаларға арналды. Сол кезеңде АҚШ-тағы Salisbury School жекеменшік мектебімен орнатылған серіктестік өз тиімділігін көрсетіп, бірқатар қазақстандық оқушының 100 пайыздық грантпен білім алуына мүмкіндік берген.

Енді бағдарлама аясында АҚШ астанасы Вашингтон қаласында орналасқан Episcopal High School жекеменшік мектебімен жаңа келісім жасалды. Жоба америкалық серіктес Оливер Грэйспен бірлесіп жүзеге асырылып отыр. Episcopal High School – АҚШ-тағы академиялық деңгейі жоғары, халықаралық оқушыларды қабылдайтын беделді жеке мектептердің бірі.

Бағдарламаға Қазақстан мектептерінің 10-сыныбында оқитын қыз балалар қатыса алады. Олар 11–12 сыныптарда оқу үшін толық грантқа үміткер бола алады. Ол үшін үміткерлер арнайы іріктеу формасын толтыруы қажет. Өтініш беру формасы Ғабит Бекахметовтің ресми парақшасында «Вашингтондағы гранттар» атауымен жарияланған.

Ұсынылып отырған гранттардың жалпы құны 350 мың АҚШ долларын құрайды. Грант оқу ақысы, тұру және тамақтану, медициналық сақтандыру, оқу процесіне қажетті техника мен басқа да міндетті шығындарды толық қамтиды.

Ғабит Бекахметов – Қазақстанда және шетелде білім беру саласында бірнеше халықаралық жобаны іске асырған маман. Ол қазақстандық оқушыларға әлемнің жетекші мектептері мен университеттерінде білім алуға мүмкіндік беретін бағдарламаларды дамытуға атсалысып келеді. Ғабит Бекахметов Duke University (АҚШ) университетінде экономика және саясаттану бағытында бакалавр дәрежесін алып, одан кейін Оксфорд университетін (University of Oxford) MBA (Master of Business Administration) білімі бойынша тәмамдаған.