Қазақстанда білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні кезең-кезеңімен енгізу мақсатында Оқу-ағарту министрлігі жанынан арнаулы жұмыс тобы құрылды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрлік мәліметіне қарағанда, Президент тапсырмасына сәйкес орта, техникалық және кәсіптік білім беру саласында кең ауқымды технологиялық жаңғырту басталған. Осы бағытта жасанды интеллект зертханасын ашу туралы меморандумға да қол қойылды.

Жұмыс тобының алғашқы отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова отандық ІТ-мамандардың EdTech саласына қатысты жаңа идеялары мен технологиялық ұсыныстарын тыңдауға дайын екенін айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған «Жасанды интеллект туралы» заң еліміздің технологиялық дамуындағы жаңа кезеңді айқындайды. Біздің міндет ЖИ технологиясын білім беру процесіне тиімді әрі жауапкершілікпен енгізу. Жасанды интеллект мұғалімнің жүктемесін жеңілдетіп, оқу үдерісін оңтайландыратын көмекші құрал болуға тиіс», – деді министр.

Кездесу барысында AI-ды мектеп бағдарламасына енгізудегі этика нормаларын бекіту, нормативтік-құқықтық актілерді жаңарту, жаңа технологиялар арқылы білім сапасын арттыру және жасанды интеллект жүйелеріне қойылатын техникалық талаптарды әзірлеу сауалы көтерілді.

Еске сала кетелік, бұған дейін мектептерде буллиңті жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін камералар анықтап, ақпаратты бірден құзырлы органдарға жолдайтыны хабарланған.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай