Қазақстанда қытайлық мердігер арқылы тіркелген компаниялардың саны соңғы айда ең жоғары көрсеткішке жетті. Бірінші кредиттік бюроның мәліметіне қарағанда, 2025 жылғы 1 қыркүйек пен 1 қазан аралығында елімізде қытайлық меншік иелері бар 307 жаңа заңды тұлға мен филиал тіркелген. Қазақстандағы қытайлық компаниялардың жалпы саны 7,1 мыңға дейін өсті. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың қаңтарынан бергі рекордтық айлық өсім болып отыр.

Сарапшылардың айтуына қарағанда, мұндай серпінді көрсеткіш қытай бизнесінің Қазақстан нарығына деген қызығушылығының артып келе жатқанын және екі ел арасындағы экономикалық байланыстың жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайды. Соңғы төрт ай қатарынан Қытайдан келген кәсіпорындардың саны үздіксіз өсіп келеді. Ал соңғы бір жарым жыл бойы ай сайын шамамен жүзден астам компания тіркеліп отырған. Ал 2025 жылдың қаңтар айында 98 компания тіркелген.

Еске сала кетелік, Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдіктер арасында қытайлық азаматтар да көш бастап тұрғанын жазған едік. Еңбек министрлігінің 1 шілдедегі көрсеткіші бойынша Қазақстан аумағында 14 820 шетел азаматы еңбек етеді. Оның 5 463-і Қытайдан болса, Өзбекстаннан — 2 477 адам, Үндістаннан — 1 097 адам, ал Түркиядан — 1 071 адам шілде айында Қазақстанда қызмет еткен.

 Қыркүйек айындағы өсімнің басым бөлігі шағын және орта бизнес есебінен қалыптасты. Ірі компаниялар саны айтарлықтай өзгермегенімен, шағын кәсіпорындардың белсенділігі жоғары. Жаңадан тіркелген қытайлық фирмалардың көбі сауда, өңдеу өнеркәсібі және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Нақтырақ айтсақ, 123 компания сауда саласында, 34 компания өңдеу өнеркәсібінде, ал 31 ұйым әртүрлі қызмет көрсету бағытында тіркелген.

Бір айдың қорытындысы бойынша, Қытай шетелдік компаниялар арасындағы ең жоғары өсім көрсеткен ел атанды. Одан кейінгі орында Өзбекстан тұр — бұл елдің кәсіпкерлері бір айда 167 жаңа компания ашқан. Дегенмен жалпы тіркелген компаниялар саны бойынша Қытай әзірге үшінші орында. Бірінші орында Ресей – 23,1 мың компания, екінші орында Өзбекстан – 7,4 мың, ал Қытайдың үлесі 7,1 мыңды құрайды. Айта кетерлігі, бір ай ішінде 22 ресейлік компания Қазақстаннан кеткен.

Қазақстанда тіркелген қытайлық компаниялардың шамамен 74 пайызы, яғни 5,3 мыңы белсенді түрде жұмыс істеп тұр. Бұл олардың нақты экономикалық қызметпен айналысып, қазақстандық нарыққа тұрақты түрде инвестиция салып отырғанын көрсетеді.

Кейінгі кезде Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық айтарлықтай жанданып келеді. Жақында екі ел арасында шошқа етін экспорттау талаптарын реттейтін хаттамаға қол қойылды. Бұл қадам ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестіктің жаңа бағытын ашып, екіжақты экономикалық қатынастарды тереңдете түседі.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай