“Мұнда тек орысша сөйлейді”. «Барыс» бас бапкері Михайл Кравец қазақ тіліне қатысты пікір білдірді
Құрлықтық хоккей лигасында ойнайтын «Барыс» клубының бас бапкері Михаил Кравец қазақ тілін үйренуге қатысты өз көзқарасын білдірді, деп жазды Orda.kz.
Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында журналистердің «Қазақ тілін үйреніп жатырсыз ба?» деген сұрағына Кравец қысқа ғана: «Қажеті шамалы» деп жауап берді.
«Мұнда барлығы орыс тілінде сөйлейді, кейде ағылшын тілі де жеткілікті. Уақытым жоқ. Егер қазақ тілін үйренсем, ертең қытай тілін де үйренуге тура келетін шығар. Сондықтан орыс және ағылшын тілдерімен шектелемін. Бәрі бір-бірін жақсы түсінеді», — деді бапкер.
Айта кетелік, Михаил Кравец «Барыстың» бас бапкері қызметіне биыл тамыз айында, Ғалым Мәмбеталив орнын босатқаннан кейін тағайындалған. Соңғы кездесуде астаналық команда Қазанның «Ақ Барс» клубынан 3:4 есебімен жеңілді. Үшінші кезеңнің басында 0:4 есебімен ұтылып жатқан «Барыс» небәрі 140 секунд ішінде үш шайба соғып, есеп айырмасын қысқартқан еді.
Бұған дейін де осындай жағдай футболда болған. Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Станислав Черчесов мемлекеттік тілде сұрақ қойған журналиске «Сіз французша сөйлеп тұрсыз ба?» деп мысқылмен жауап берген болатын. Бұл оқиға әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырып, бапкердің жергілікті халықтың тіліне құрметсіздік танытқаны сынға алған еді.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай